1930–1933-ші жылдардағы болған Қазақстандағы ашаршылық кезінде, шамамен 1.5 миллион адам қайтыс болып, олардың 1.3 миллионы қазақтар болған. Ашаршылық кесірінен қазақтар саны 38-42%-ға кеміген, 1930-шы жылдардағы Кеңес одақта болған ашаршылықтардың ең үлкен пайызы. Басқа деректер бойынша ашаршылықта 2–2.3 миллион адам қайтыс болған.
Ашаршылық кесірінен қазақтар өз республикасында азшылық болып ұшырап, тек 1990-шы жылда қайта көпшілік болған. Ашаршылық кесірінен қазақтардың бөлігі басқа елдерге, әсіресе Қытайға, Ауғанстанға және Түркияға қаша бастады.
Ашаршылықтың басты себебі — ұжымдастыру деп саналады. Кейбір тарихшылар бұл оқиғаны геноцид деп санайды.
Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-зомбылықтардан көп азап шеккен ең алдымен қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырап, босқын күйге көшті.
Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан қалғаны бар болганы 4,5 млн бас еді. 1931—1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 млн республика халқының 2,1 млн-ы қырылды.
Өлкелік партия комитетінің Торғай ауданындағы уәкілі 1932 жылдың қыркүйегінде мұнда әр адам басына орта есеппен 56 килограмм ғана астық және бір ғана мал калғанын, ал бұлар алты айдан кейін мүлде таусылып, қаңтардың соңына қарай, қыстың кақаған, сары аязында нағыз қиямет-қайым орнайтынын алдын ала ескертіп, дабыл қақты. Ол сонымен бірге кейбір толық емес мәліметтер бойынша ауданда ең кемі 2042 адам аштық құрбаны болғанын, ал 8500 адам аштан өлейін деп жатқанын Құрамысов пен Кахианидің, Исаев пен Құлымбетовтың аттарына жолдаған ресми мәлімдемесінде ашық айтты. Анадан туғандай тыржалаңаш, аш адамдардың дала төсінде босып сандалып жүргендерін, басқасын былай қойғанда, олардың даладағы атқұлақ пен сарышұнақты түгін қалдырмай жеп койғанын жазды. Осындай қайғылы жағдайдың көрші Батпаққара ауданында да кеңінен орын алып отырғаны да айтылды.
Голощекин қазақ даласындағы жағдайды өзі жіберген уәкілдері арқылы жақсы біліп, толық хабар алып отырды. Арнайы тапсырмамен Сарысу ауданында болған О.Жандосов мынадай мәлімет берді:
«Ауылдарды аралаған кезімде мен ондаған күндер бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім… Әйелдер жоқшылық пен аштыққа төзімділеу. Еркектердің бірден ұнжырғасы түсіп кетеді. Күйзелгендер қолдарына не түссе де түк қалдырмай жеп қояды. Сүйек-саяқты жинайды, оларды жүрек жалғау үшін ондаған мәрте қайнатады. Тамақ орнына жартылай өңделген терілер де кете береді. Мен иттің етін жеген және онысын жасырмайтын бірнеше адамдарды кездестірдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда елсіз жапаннан екі жасөспірімді көрдім, Олар қайдағы бір ескі жұрттағы, атылған иттердің терісін алу үшін қалған өлімтіктеріне бара жатыр екен. 5-ауылда аштықтан жартылай ісінген, аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, оған ит атып беруімді өтінді».
Голощекиндік геноцид қазақстандықтарды, ең алдымен, қазақ халкын аштыққа және босқындыққа ұшыратты. Зарлаған ана, шырылдаған бала, түнеріп, өлексе сасыған қазақ даласы — большевиктік эксперименттің нәтижесі осы еді.
Фото: E-history.kz
Дереккөз: wikipedia.org