Qazyr.kz порталы
Әмбебап

Шындықты «жалаңаш» және «киінген» деп екіге бөліп қарастырар болсақ

Шындықты «жалаңаш» және «киінген» деп екіге бөліп қарастырар болсақ, арамдықтың адалдық атын жамылып күн көретіні бесенеден белгілі ғой. «Дүниеде қалам мен жазудың жезөкшелігінен артық еш қасірет жоқ», – депті неміс философы Фердинанд Лассаль. Осы сөзді оқығанда төбеме жай түскендей біразға дейін басымды ұстап, теңселіп отырып қалдым.
Рас, «жалаңаш» шындық «Ертөстік» ертегісіндегі Шойынқұлақтың баласын басыңды бәске байлап шымшып жылататындай жаныңа қас, өміріңе қауіп. Ал әкелмек әлегі мен қиянаты қара сандық ішінде жасырылған тоғыз балапанға пар. Кейде маған ұлт пен рух, әділет пен намыс іспетті сөздер косметологиялық дезодорант пен одеколон секілді елестеп кетеді. Рахат енді… Қорқақ басың мен қатыбас кеудеңе бұрқыратып тұрып бір себесің де жүре бересің. Шіркін, бұл «бұрқыраған иіске» кімдер арбалып, кімдер алданбады дерсіз? Кімдердің ақ төсегі бұлғанбады дерсіз… Ерінін қызартқан елдік, әтір май жаққан әділет – бәрі-бәрі айналып келгенде жұрт алдында жақсы көріну үшін ғана табылған айлакер амал. Бұл жасанды «иіс»– жанның жезөкшелігінен шыққан, барынша сыланып-сипанған «киінген» шындық. Бірақ мезеті келгенде ол да шешінеді. Әсіресе мансап пен марапат алдына келгенде өзін-өзі ұстай алмай балауыз шамдай біртүрлі балқып кетеді. Сонымен шын жезөкше вокзал мен көше мүйісінде жүрген жоқ, керісінше жаны жезөкшенің бәрі әдебиет пен өнерде жүр. Осыларға алданып, осыларға арбалып қалмаңыздаршы өзі. Фердинанд Лассаль да мұны әбден көзі жетіп, көкірегі сыздаған соң айтып отыр-ау деп есептедім…

Автор: Ықылас Ожайұлы

Ұқсас жаңалықтар

Шымкенттің бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев 6 жылға қамалды

redaktor_qazyr

Шағыр: Қайтар жолда көлігі аударылып, жүргізушісі мерт болды

redaktor_qazyr

Анашым менің анашым

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz