Qazyr.kz порталы
ӘмбебапҚоғам

Сағыныш

Бала күнімде әкемнің бурыл айғыры болатын. Бір-екі қант тістетпесең үйді айналып шықпайтын. Айдасаң да кетпейді . Алды аяңдап, арты желетін осы бурыл ат кейін жорғаға бергісіз жүріс ашты. Естілігі бір бөлек. Қанша тұман, боранды күндері үйді адаспай тауып келуші еді. Тізгінді бос қойып еркіне жіберсең болғаны, кідірмей тартады ғой жануар. Әкем мені бір жерге жұмсағанда сол атқа мінгізетін. Бурыл аттың қос тартпасын шірей тартып, көтеріп міңгізедіде таралғыны қысқартып үзеңгіні аяғыма шақтап береді. Асықпай атты бір айналып шығады да қалқиып отырған маған қарап тапсырмасын айта бастайды:

– Қайтар жолыңда Қоңыр төбеге дейін шоқыта шауып отыр. Одан бері қатты аяңмен жүрсең де ымырт үйіріле үйге жетесің. Жүрер жолыңда ат аяғы қадалар індікештер болса айналып өт. Мен саған сенемін, балам. Ал Құдай жолыңды оңғарсын, жөнел! – деп тізгінді қоя беретін . Шындығында балаға емес атқа сенетінін кейіндеу түсіндік.

Үйден алыстай бере шаба жөнелуші едім. Құмардан шыққанша шабатынмын. Кең даланы бетке алып көсіле шапқанда қолтығыма қанат біткендей арқаланып, көңілім көк бурылдан да жүйрік болып кететін. Айызым қана айғайлап, ердің басынан қыса ұстап көк аспанға шалқалай қараймын. Үсті-үстіне шабыс қосып, жылдамдығы үдей түскен бурылдың төрт тұяғынан шыққан дүбіріне құлақ түрудің өзі бір ғанибет еді ғой. Көсіле шапқан көк бурыл аттың да қаны қызып, «тізгінді тартпа» дегендей қыл мойынын алға соза ұмтылып, рахаттана сілтеп келе жатқанын бала түйсігіммен сезінуші едім.

Енді бір сәтте бурыл аттың басын тартып, алғашқы ащы терін желдете жүріп бір кептіріп аламын. Содан қайта шоқытып екінші тері шыққанда аттан түсе қалып терін тіліммен жалап көруші едім. Әкемнің:
– Аттың ащы тері кеткен соң кейінгілері су татиды. Қатты шөлдегенде таңдай жібітуге болады, – дейтін сөздері есімде.

Қас қарая аттың солығын басып, асықпай аяңдап үйге келемін. Күтіп тұрған әкем:

– Атпен босқа шапқыламаған боларсың? – деп сұрайды.

– Жоқ! – деймін мен. Аттың терін үгіп, солығын басып әкелген өзіме сеніп тұрамын.

– Ой, бәрекелді! Менің баламның ақылы көп қой, – деп әкем арқамнан қағып-қағып қояды. Миығында күлкі, көзінде мейрім тұрады. Әкемнің «түк сезбей қалғанына» қуанып кетемін. Енді қарынымның ашқанын шұрқыраған ішегімнен сезіп, үйге қарай жүгіре жөнелуші едім.

Қайран, балалық-ай десеңші! Алыста қалған арман күндерім менің. Үлкен айтса риясыз сенетінбіз. Бала көңіліміз аппақ қардай таза еді ғой.

Кейде әкемді де, атымды да сағынып қаламын. «Өткен күндердің елесімен өмір сүрмеу керек!» десек те, осынау сағынышқа толы сағым жылдарды ешкім де жоққа шығара алмайды. Тау өзендері қанша алысқа ақса да бастауын бұлақтан алады. Адам өмірі де тап солай, балалық шақтан бастау алады. Тіршілікте ағысың тоқтаған күні артыңда қалар тастақты іздеріңде сол болмақ.

Бұл менің балалық шағымның естеліктері…

Тойкенов Айдар ТЕМІРБЕКҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар

Жиен

redaktor_qazyr

Созылған, жыртылған теріні емдеу тәсілі

redaktor_qazyr

Шымкенттегі ректорсыз қалған Әуезов университетіне жаңа ректор тағайындалды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz