Qazyr.kz порталы
ӘмбебапБілім

Қазақша афоризмдер

Мына дүниелерді оқып көріңіздер ақыл иелері. Мені мазалап жүрген ойларды түсінген қазақтың азаматы бұл дүниеден өтіп кетіпті. Соған жүрегім қан жылап отыр. Мағжан Биғозыұлы Бүйімбаев деген дана кісінің жинағандары.
Данагерлердің жауаптары туралы эсселер

Жақсылық пен жамандық
Ұлы М. Әуезовтен сұрапты:
— Даналарда да жақсылық пен жамандық қатарласып жүре ме?- деп.
— Шын данада жақсылық тек жақсылық болады, ал жамандық түсіне де кірмейді,- депті.

Халық қуанарлық оқиға
Бір данагерден сұрапты:
— Облыстағы барлық халық қуанарлық қандай оқиғаны айтар едіңіз?- депті.
— Өзінің ғана қамын ойлаған әкімнің кетуі болар еді, — депті.

Не айырмашылығың бар?
Бір данагерден сұрапты:
— Әкімнен сенің не айырмашылығың бар?- депті.
— Әкім сұрамай алады, мен сұрап ала алмаймын,- депті.

Кім ақылды?
Бір данагерден сұрапты:
— Осы күні кім ақылды?- деп.
— Кім әкім болады, сол ақылды,- депті.

Ақылдының ерекшелігі.
Бір данагерден сұрапты:
— Ақылды адамның ерекшелігі не?- деп.
— Ақылдының ерекшелігі – үстіне тау құлап келе жатса да, келісімге келейік дейді,- депті.
Данагерден сұрапты
Бір данагерден сұрапты:
— Тәбетіңіз қай кездерде көбірек болады?- депті.
— Базарға барған сайын тәбетім келеді,- депті.

Уды у қайтарады
Бір данагер айтыпты:
— Әйелдерді көп оқытуға жағдай жасау керек, себебі удың уытын қайтарады,- депті.

Ақ көңілді адам
Бір данагерден сұрапты:
— Шын мәнінде ақ көңілді адам деп кімді айтасыз?
— Басқаның қызығы мен бақытын өз басындағыдай сезініп қуанатын адамды айтамын,- депті.

Ақылды мен ақымақ
Бір данагер айтыпты:
— Ақылдыны ақылды, ақымақты ақымақ ғана түсінеді,- деп.

Мән бермейміз
Бір данагер айтыпты:
— Біз адам өмірінің бағасы жоқ қымбат екенін білеміз, бірақ өлтіруге келгенде мән бермейміз,- депті.

Не қадір…
Ұлы данамыз, ұлт мақтанышы М. Әуезовты кейбір көре алмаған пенделер әр түрлі көңілге тиер сөздер айтып, аяғынан шала беріпті. «Ескі тарихты жазады, байларды мақтайды» деген сияқты сөздерді алдына тарта берсе керек. Бірақ, көп достары Мұхтардың ұлы еңбегін бағалап, өздеріне мақтан тұтыпты. Сол кезде бір досы:
— Осы сыншы сымақтарға бірдеме айтпайсыз ба?, — депті.
— Қапқан итті мен қайтара қапсам, аузымда не қадір қалады?, — депті ұлы Мұхтар.

Өзгелер үшін…
Л.Н.Толстойдан сұрапты дейді:
— Өмірде шүбәсіз бақыт бар ма?, — деп.
— Өмірде шүбәсіз бір-ақ бақыт бар, ол өзгелер үшін өмір сүру, — депті ұлы дана Л.Н. Толстой.

Өмір
— Адамның ғұмыр сүру мақсаты не?, — деп сұрапты Әбунасыр Әл-Фараби бабамыздан.
— Адамның ғұмыр сүру мақсаты — ең биік бақытқа жету болмақ, бірақ оны тек адал еңбекпен мақсат етуі керек, — депті.

М. Әуезовтан сұрапты:
— Ел болу үшін нені түзеу керек?, — деп.
— Ел боламын десең, бесігіңді түзе, — депті.

Ескендірдің жауабы.
— Әкең мен Аристотельдің арасында айырмашылық бар ма?, — деп сұрапты Ескендір патшадан.
— Әкем маған өмір берді, ал ұстазым Аристотель сол өмірді қалай өткізу туралы білім берді, — депті Ескендір патша.

Ел аузынан.
(Жалбы би ұлы Қаратай туралы)
Қаратай атамыз осы Тобықты елінің Семейге жақын Мұқыр елінде болыс болыпты, онда болыс үш жылға сайланады екен. Қаратай еліне қайтуға қамданып, көрінбей көшкенім дұрыс болмас, елдің сыйлы азаматтарымен қоштасып шығайын деп, Қ. Шәкәрім атамызға келіп сәлем беріпті, сонда Шәкәрім:
— О, Қаратай үш жылда ел көріп, ер таныдық, әділ билігіңді айттың, рахмет! Сенен сұрар бір сауалым бар.
— Айтыңыз, екі құлағым Сізде.
— Осы Мұқыр елінің жақсысы кім, жаманы кім екен?, — депті.
Көп ойланбай, Қаратай атамыз айтқан екен:
— Бұл Мұқырдың жақсысы да Көкбай, жаманы да Көкбай, — деп.
— Көкбайдың әрі жақсы, әрі жаман болғаны қалай?
— Жақсысы менің білгенімді қойып, мен білмегенді біледі, ал жаманы қолы шолақ!!
— Иә, Қаратай, үш жылды босқа өткізген жоқ екенсің, текті атаның баласы екеніңе көзім толық жетті, — депті Шәкәрім атамыз.

Жеңіліс
Ю. Цезарь өзінің бір соғыс жорығында жеңіліп, еліне қайтып келе жатқан сапарында алдынан кездескен қарт:
-— О, Ұлы мәртебелі тақсыр, кімнен жеңіліп қайттыңыз?— депті.
— Қария! Оны сұрамаңыз, мен айтпайын,— деп аты санға бір-ақ ұрып шауып кете беріпті.
Сонда Ю. Цезарьдің уәзірі:
— Ақылы да, айласы да асқан әйел жандардан, — деп жауап беріпті.
— Онда, тақсырға айта барыңыз: әр жыныстың қулығынойластырмаған пенде ақылды қолбасшы бола алмайды, — депті қарт.

Көп пайда
— Сіз нені көп пайда деп есептер едіңіз?— деп сұрапты В. И. Лениннен жолдастары.
— Неғұрлым кітапты көп ақтарып оқысаң, соғұрлым көп пайда табамын,—деп жауап беріпті В. И. Ленин.

Жақсы тұрмыс
М. Горький Италияға барғанда бір жас жігіт:
— Адам баласы қай уақытта жақсы тұрмысқа жетпекші?—деп сұрапты.
Сонда М. Горький:
— Уақытын айта алмаймын, бірак жақсы тұрмысқа жету үшін өндірісті өркендетіп, қанаушылық атаулының барлық түрін жою керек,— деп жауап беріпті.

Бақыттылық
— Келешек ұрпақтың бақыттылығы неде?— деп сұраптыҚ.Дінмұхамет ағамыздан.
Сәл ойланып, сабырлықпен былай жауап беріпті:
— Келешек ұрпақтың бақыттылығы, өзін-өзі түсінуінде, сонда ол басқаны да түсінеді, түсіндіре де алады, одан артық азаматқа бақыт қажет емес,— депті.

Жақсы қасиетін…
Мұхтар Әуезовке замандастары:
— Сізде, не көп жолдас көп. Сіз солардың бәрін жақсы білесіз бе?— деп сұрапты.
Сонда Мұхтар ағамыз:
— Әр жолдастың кем дегенде бір жақсы қасиетін білуге тырысамын,— депті.

Жалқау адам
Ұлы атамыз Қ. Абай бір жалқау адамды көзі шалып қалып, айтқан екен дейді:
— Өрмелеусіз, өсусіз, ізденусіз, білусіз өткен тіршіліктен аулақ болу керек, себебі ондай тіршілік жатқан кесек тас сияқты, күндер өткен сайын орнында жатып, құмға айналып, желмен бірге ұшып кете береді,— депті.

Жүзден бір
— Жалқау адамды көргенде қайтер едіңіз?— деп сұрапты А. С. Макаренкодан.
— Жалқау адамды көргенде өз бойымдағы еңбекке деген дарындылықтың жүзден бір бөлігінен айырылып қалатындай сезім пайда болады,— деп жауап беріпті А. С. Макаренко.

Адамгершілік
— Сіз адамгершілікті қалай түсінесіз?— деп сұрайды бір досы Мұхтар Шахановтан.
— Адамгершілік — ішкі суреттің сыртқа шығуы деп ұғукерек,— депті Ш. Мұхтар ағамыз.

Айуандық
Замандастары Қ. Абайдан:
— Айуандық не?—депті.
Сонда Қ. Абай:
— Айуандық деп екі аяқпен дүниеге келіп, төрт аяқтының ісін істейтін жандарды айтамыз, — деп жауап беріпті.

Үшбұрыш
Ұлы Қ. Абай өз шәкірттерімен әке, ана, бала туралы бірімен-бірі пікір алысыпты, әркім әртүрлі ойларын айтыпты, сонда Абай:
— Әке, ана, бала үшбұрыштың үш төбесі сияқты. Бірімен-бірі ынтымақтас, ал үшеуінің біреуі жоқ болса, аузын ашқан айдаһардай бір нәрсені іздеумен болады, —депті.

Адамзат
Семей полигонының жабылуына көп еңбек сіңірген дарынды ақын С. Олжас былай депті:
— Адамзат жер бетінің гүлі сияқты, оны жоюға ешкімнің де хақысы жоқ.

Қорқақ адамнан басқадан
— Сізді тозақ отына түсіргелі тұрғанда кімнен көмек сұрар едіңіз?— деп сұрапты К. Маркстан.
Сонда К. Маркс:
— Қорқақ адамнан басқаның бәрінен көмек сұрар едім,— деп жауап беріпті.

Мінезді түзету
— Әйелімнің мінез-құлқын түзету үшін не істеуім керек?— деп сұрапты бір жас жігіт Ж. Мағжаннан.
— Әйеліңіздің мінез-құлқын түзету үшін дәл қазір көп ойланып-толғанудың қажеті аз, тілін алып, айтқанын істей бер, уақыт жеткенде өзі түзеледі, — депті Ж. Мағжан.

Қабілет
— Сіздің ойлау қабілетіңіз неге байланысты?— деп сұраптықазақтың атақты ақыны Қ. Шәкәрімнен бір жас жігіт, сонда ақын:
— Көз алдыма сен сияқты жақсы жігіттерді елестетсем,ойлау қабілетім өрши түседі,— депті Қ. Шәкәрім.

Қайнар көз
— Адам ойының қайнар көзі қалай пайда болады?, — деп сұрапты Л. Н. Толстойдан бір танысы.
— Адам ойының қайнар көзі адамына байланысты, ол ой еңбегі мен дене еңбегін бірдей деңгейде дамытқан жағдайда ғана пайда болады,— депті Л. Н. Толстой танысына.

Анаға рахмет
Англияның атақты тарихшысы Бокль Генри Томас өзінің бір шәкіртімен кездесіпті.
Сонда шәкірті:
— Мен сізге көп рахмет айтуға іздеп келдім, кітабым жарықкөрді,— депті.
— Рахметті маған емес, анаңызға айтыңыз, себебі Сіз ол кісінің көп айтқан ақылының бірін ғана орындадыңыз,— депті тарихшы.

Еске алу .
— Мына өлең шумақтарымды көріп берсеңіз, ана туралы жазып едім,— деп сұрапты бір жас жігіт әйгілі ақын Қ. Мырзалиевтен:
Сонда Қадыр атамыз өлеңді оқып шығып:
— Жігітім, осы «ана» туралы өлеңді жазғанда анаңызды неше мәрте еске алдыңыз?— депті.

Екі өріс
— «Электр өрісі» мен «магнит өрісі» бір-ақ шынжыр темірмен байланған екі адам сияқты,— депті Максвелл

Айналыста
— Барлық дене қозғалыста ғана емес, ол өз өсінен айналыста да, — депті И. Кеплер.

Күш—энергия
Күш талқандайды, энергия жасайды, қайтадан күш пайда болады,— депті Н. Коперник.

Өнер
Бір шебер айтыпты:
— Әр істі өнер деп қарамасақ, біз көркемділік пен сұлулықтан марқұм қалар едік. Шығармашылық — адам еңбегінің биік шыңы,— депті.

Бір ақын айтыпты:
— Ақ қайың мәңгілік махаббаттың белгісі сияқты, әр кезде ағарып, шырынын бойына ұстап тұрады. Махаббатпен қоса жырға қосатыны да осыдан-ау шығар,
— депті.

Әйел
Бір жазушы айтыпты:
— Әйел азаматтардың ақылдылығы мен айлакерлігі сонша, жаза берсең қағаз жетер ме екен, сірә? — депті.

Даналық сөз
Бір данагер айтыпты:
—Даналық сөз жарқырап шыққан күн сияқты, шартарапқа тез тарап кетеді, — депті.

Не ащы?
Бір дана айтыпты:
— Ерменнің дәмі ащы емес, еріккен өсек сөз ащы, — деп.

Махаббат
Бір ойшыл айтыпты:
— Гүлдің сан мыңдаған түрлері бар, ал хош иістері бірімен—бірі қымдасып, қабаттасып жатады, сол тәрізді махаббат та сан алуан сезінуден туатын гүл, бірақ ол гүлше солмайды, —депті.

Оспановтың айтқаны
«Дегенге, саяси бет, саяси бет,
Саяси бет кедейді оясынба ед.
Қоңыр ала сиырдан айырылған,
Енді күнін көре ме ….. жеп?!», — деп айтыпты, шешемнің айтуы бойынша, ақын Рахымбай Оспанов. Ол кісі менің әкеммен түйдей құрдас болыпты.

Шәкәрімнің айтқаны
«Ақыл деген денеге егілген дән,
Суғарылса кіреді оған да жан.
Ақылдың өсіп—өніп, зоралмағы
Көрген, білген нәрседен ғибрат алған», — деп Құдайберді Шәкәрім айтқан екен деп апам айтып отыратын. Ол кісі көп ақындардың өлеңдерін жатқа айтатын.

Мамайдың даналығы
«Өзіміз талай майдан құрушы едік,
Найзаны екінші боп ұрушы едік.
Қандасы қазақ түгіл, қалмаққа да,
Жол беріп, жасы үлкен деп тұрушы едік», — деп Мамай батыр айтыпты. Тобықтының Сары деген батыры Матайдың Маян деген батырымен жекпе—жекке шығып, өлтіруге айналады. Сонда әлгі сөзді Мамай айтып тоқтатады. Осы сөзді «Егемен Қазақстан» немесе «Үш анық», «Семей таңы» газеттерінің бірінен оқыдым, қазір есімде жоқ.

Кімнен қорқасыз?
Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екіншісі, немересіне ертегі айтып беретн ата—әжесінің азаюынан қорқамын. Үшіншісі, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар көбейіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса, шауып тастауға әзір. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ», — деп налыған екен.

Не жүйрік?
Өтірік пен шындықтың қайсысы жүйрік?,- деп сұрапты Т. Ізтілеуовтен.
Өтіріктің астында құр ат, шындықтың астында жүрмейтін сұр ат, — деп күліп жауап беріпті оған.

Әдіс
— Сіз тәртіпсіздікті жоюдың әдісі не деп білесіз? — деп сұрапты жолдастары Ш. Шайжүнісовтан.
— Еркелету мен қаталдықтың ортасында жатыр, — деп жауап беріпті Ж. Шайжүнісов.

Тарлық
Тарлық неше түрлі болады?— деп сұрапты ұлы атамыз Абайдан жолдастары…
— Берері аз болса — жер тарлығы, айтқанды ұқпаса — ел тарлыры, қолтығың жыртылса — киім тарлығы, ортаққа қуанбаса — іш тарлығы, махаббатсыз болса — көңіл тарлығы,— деп жауап беріпті Абай атамыз.

Мекен-жай
— Әр оқырманның өзінің сүйіп оқитын кітабы болады, ол оның ұмытпайтын мекен—жайы,— депті ұлы ағамыз Б. Ахмет.

Басымда…
Ғалымның үйіне ұрылар кіріп:
-Ақша мен алтындар қайда?,-депті.
— Ақшам да, алтыным да мына басымда,- депті.

Абай атамыз айтыпты:
«Амалмен асқан патшадан, ақылмен асқан қара артық».
«Биік мансап биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екіндеп ұшып қыран да шығады.» Сонда сұрайтыным, «жыланды» әкімсің бе, «қыранды» әкімсің бе?

Адамды қор ететін не?
Абай атамыздан сұрапты:
— Адамды қор ететін не? — деп.
— Адамды қор ететін надандық, еріншектік және зұлымдық, — деп жауап
беріпті.

Не жетім?
Ақтайлақ биден сұрапты:
— Ата, бұл дүниеде не жетім? — деп.
— Басшылығы әділ болмаса, болады байтақ ел жетім, — депті Ақтайлақ би.

Не артық?
Ақтайлақ биден сұрапты:
— Бұл дүниеде не артық? — деп.
— Берекесіз тобырдан, бірлігі күшті аз артық, — депті ұлы бабамыз.

Мен білмеген қанша!
Ақтайлақ би бабамыз:
— «Көргенсіз өскен алкеуде, төрден орын алады. Сыпайы өскен абзал жан, босағада қалады», дегендей, адал еңбек еткен, жұмысқа шын берілген «босағада қалғаны» өтірік емес, жүздеген адамдарды көзім көріп, өзім білемін, мен білмеген қанша десеңізші!

Ер жігіт
— Нағыз ер жігіт қандай болу керек? —деп сұрапты данадан.
— «Ақ боз атың», «Көк боз атың» төбеңде тұр, тәуекелшіл ер жігіт сөзіңде тұр, — депті дана.

Немере сұрағы
Немересі Ақтайлақ атамыздан сұрапты:
— Бақыт деген не, байлық деген не? — деп. Сонда Ақтайлақ би: «Бақыт қолға қонған құс, байлық қолда ұстаған тұз. Құс ұшады, тұз ериді, ендеше байлық пен бақыт сіз бен біз!», — деп жауап береді.

Күш
«Күшсіз» механика «шыбыннан піл» шығарғандай түсінікке айналып кетеді», —деп айтқан ұлы физик Исаак Ньютон.

Электр заряды
Бір сақалды адамды көрген М. Фарадей:
— Қаншама электр зарядын бет—аузына жинап жүргеніне қарашы! — депті.

Халықтың өзі — қазына
Қазақ халқы мақал-мәтелдерге ежелден бай екендігі әркімге аян. Кейінгі кезде ескі мәтелдерге жаңа мазмұн, жаңаша ұйқас, жаңаша түр беріп, ел аузында айтылып жүргендері де бар. Солардың біразын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім:
«Ел іші — алтын бесік,
Силасу болсын берік.»
«Бейнет, бейнет түбі — зейнет.
Мақсат, мақсат түбі, — жақсы ат.»
«Еңбегі аздың — өнбегі аз,
Уақыт ұтса болады мәз.»
«Ер дәулеті — еңбек,
Еңбек — бәрін жеңбек.»
«Туған жерге — туын тік,
Онсыз болмас еш ерлік.»
«Жақсы жігіт жер шолып,
Ақыр түбі айналар.
Жаман жігіт жер көріп,
Пайдасыз деп қайрылар.»
«Өз елім, өлең төсегім,
Азамат болып өсемін.
Көбіктің астындағыны көріп,
Көріктің астындағыны үріп.»
«Қарманған қарап қалмас.
Болашаққа бос бармас.»
«Кім еңбек етсе — сол тоқ,
Ешкімге де жұт жоқ.»
«Көз қорқақ, қол батыр,
Біткен жұмыс бал татыр.»
«Ердің атын еңбек шығарар,
Қуанып жұрты қошамет тұтар.
«Еңбек ет те міндет ет,
Жолдасыңды ерте кет.»

Сарғайған дәптердегі салмақты сөздер
Ұлы Отан соғысының ардагері, панфиловшы-майдангер, Игенбаев Қабыш ақсақалмен күтпеген жерде бір кездесу үстінде қойын қалтасынан сарғайған бір дәптерді суырып алғанын көрген едім. «Мағжан осыны сен оқы, бір керегіңе жарат»,— деп еді. Оқып қарасам, онда өскелең жас ұрпақ тәрбиесіне себебі тиер лік көптеген салмақты сөздер бар екен, айта кеткенді жөн көрдім:
«Жауға мұңайып шаппа, түнеріп қайтасың,
Ойланып шап, қуанып қайтасың.»

«Намыс, ер кеудесіндегі алмас қанжар. Шын ердің өтірік айтса, өті жарылады.»

«Алынбайтын бекініс жоқ, бәрі жер бетінде.»

« Нартәуекелсіз жеңіс жоқ.»

«Сардары білмегенді, сарбазы ұқпас.»

«Жүрек — батыл, бас — ақыл.»

«Суық сөз кеңілге қонса, от болып шарпыр.»

«Іздегенің табылса — бейнеттендім деме.»

«Жаныңа батса шыдарсың,
Арыңа батса жығарсың.»

«Ақылды басқа жәркішек кіргенмен ақымақ болмайды.»

« Өмір қас—қағымдай-ақ, ардақтай біл.»

«Көп ақылы көтерер, аз ақылын жетелер.»

«Ең қымбатты сезім — туған елді сағыну».

Ұқсас жаңалықтар

Алаш автономиясы

Redaktor Site

Пендеміз

Redaktor Site

Аш қарынға не жеуге болмайды?

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz