Qazyr.kz порталы
ӘмбебапБілімҚоғам

Мағжан Жұмабаев — психология

Мағжан Жұмабаевтың «Психология» атты еңбегін қайта оқып шықтым. Ақын оны «Педагогика» кітабына қосып жіберген. Дегенмен бұл екі ғылымның бір-бірінен тәуелсіз сала екенін ескеру керек. Айтайын дегенім, қазақша басқа психология оқулықтарына қарағанда, Мағжан Жұмабаевтың оқу құралы барынша шынайы жазылған. Қазақтың киелі болмысына қатысты маңызды мәліметтер жетерлік. Алаш қайраткерлері дін мен ұлтты қазақтың біртұтас кімдігі (идентификациясы) деп қараған ғой. Мағжан атамыз да жантану ілімін зерделеген кезде халықтың рухани танымын тірек еткен. Оның ойлары психология деңгейінен асып, логотерапияның межесіне жетіп қалады. Өйткені қазіргі психология жан мен тәнді, психо-физиологиялық құбылыстарды зерттеуден аса алмай отыр. Логотерапия адамның рухы (ноологика) мен одан шығатын феномендер жайлы толғайды. Виктор Франкл адамның жануардан ерекше екі қасиетін айырып алған. Оның бірі – адамның өзінен есеп алу қабілеті (self-detachment). Екіншісі – өзін жарып шығу мүмкіндігі (self-transcendence). Мағжан, кітапта рухты жан деп алады. Өйткені бұл кезде екеуін бөліп-жармай бірге зерттейтін. Рухтың ерекшелігі «өзін-өзі бақылау» қасиетінде дейді. Ол «Адамға өзін-өзі тексеру, өзіне-өзі есеп беру деген оңай нәрселер емес. Өзін-өзі тексеріп, қаталарын көруге адамның менмендігі бөгет болады. Әйткенмен де, бұл адамның өзін-өзі тексеруі – оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне бірінші шарт. Өз қатасын көре білген адам келешекте сол қатаны істемеуге ұмтылады Адамның өзін-өзі яғни өз қатасын өзі көре білуі оның жанының идеалға, қасиетті қияға ұмтылатын мінезі барлығын көрсетеді.
Міне, осы себептен зор жазушылардың өздері жазған әсерлеріне көңілі толмайды. Қайта-қайта түзейді. Жазаласа, өртеп, жыртып та жібереді» — деп сипаттаған. Мағжан осы жерде өзін-өзі тергеп, үнемі өзінен есеп алатын жандардың дәруіштер, дуаналар екенін ашық айтқан. «Жалба-жұлба киім киіп, аш-жалаңаш жүретін бұзақылық, күнә деген нәрсені білмейтін дуаналардың өз кеуделерін өзі жұдырықтап:
Кешіре гөр, құдайым,
Көп қой менің күнәйім,–
деп зарлаулары өздерін тым тексеріп, кішкене қаталарын тым зор көріп жіберулерінен, жандары ұмтылатын қияның тым биік болуынан ғой» дейді. Мағжан атамыз осылай Қожа Ахмет Яссауидің «Хәл» ілімінен нәр алған сопы-дәруіштерді үнемі өз нәпсісін тергеп-тексеріп, есеп алып жүретін жандар ретінде бағалайды. Хикметтерде ұдайы «Күнәларым таудай-таудай шектен асты», «Мен – бір жемтік, жеді нәпсім аш арыстан» деп күңіренетін ұлы шайқының қайғы-шерін, міне, осы үлгімен ғана танып-біле аламыз. Бұл Әзіреті пайғамбар салған жол. Пайғамбардың «Өлместен бұрын өліңдер», «Есеп күні келмей тұрып, нәпсілеріңнен есеп алыңдар» деген өсиеті «рухың мұқалмасын десең, шарыққа салып шыңдап отыр» деген насихат. Тағы да Мағжанға жүгінсек, «Дұрыс, адамның бәрі дуана болмағанмен, өзін тексермесе, адам ілгері баса алмайды. Өзінен ешбір кемшілік көрмей, қата таппай, өзіне-өзі риза болып, мәз болып жүретін адам зор адам емес, шөбір адам болады. Жаны жабайы, ауданы тар болады»

Ұқсас жаңалықтар

Президент Малайзияның Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады

redaktor_qazyr

Тик-токта танымал болып жатырған Шаймускат жүзімі туралы не білесіз?

redaktor_qazyr

Шымкенттегі танымал университеттің ректоры пара алды деген күдікке ілінді

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz