Адамнан артық жәндiк жаралмаған,
Дейдi жұрт: «Айуан жоқ иттен жаман».
Бұл туралы менде бiр бөтен ой бар,
Анық ұқсаң, айтайын, достым, саған.
Адамның айуаннан айласы мол,
Қит етсе, қиянатқа қояды қол.
Мейiрiм, ынсап, ақ пейiл, адал еңбек –
Бұл төртеуiн кiм қылса, шын адам сол.
Қанеки‚ ондай адам, қай жерде бар?
Көбiнiң сыртында бал, iшiнде зәр.
Жарық алып әлемдi араласаң,
Ондай жан неше мыңнан бiреу шығар.
Әйтпесе өзге адамнан ит iлгерi,
Достықты ит ұмытпайды – артық жерi.
Қолыңнан сорпа жалап өскен күшiк
Өлгенше есiгiңде жүргендерi.
Түнде тыным көрмейдi қораға үрiп,
Шарқ ұрады ауылды шолып жүрiп.
Кетпейдi дәмiн татқан досын тастап,
Қуалап анда-санда қойсаң да ұрып.
Тоқтамас өзге ауылға сыйласа да,
Кек қылмас иесi ұрып, қинаса да.
Жүз жылдық дос бiр күнде жау болады,
Көңiлiне бiр қылығың сыймаса да.
Қарызы бар едi деп мойын бұрмас,
Сол күнi-ақ дұшпаныңмен болар сырлас.
Бұрынғы жақсылықтың бәрiн ұмытып,
Не қылса, бiр зияны тимей тұрмас.
Өкпелесе не сөзге, немесе асқа,
Жау шығады дос, жақын, қарындасқа.
Ит иесiн қаппайды құтырса да,
Адамның шын досы жоқ иттен басқа.
…Бiреудiң асыраулы итi болған,
Күшiгiнен тамақты берген қолдан.
Сол адамның тап-тату жақын досы
Араз болып кетiптi достық жолдан.
Пәле салып жамандап күнде-күнде
Өшiгiп, дұспан болып кеткен мүлде.
Ыза менен күншiлдiк ойын билеп,
Өлтiргелi келiптi айсыз түнде.
Арсылдап итi үрген қараңғыда,
Иесi жер шалады барады да.
Бұғып жатқан дұспанын көзi көрмей,
Иттi ұрады бiр таяқ алады да.
Қанжар ала жүгiрген жауды көрiп,
Қашады қатты аттанды салады да.
Мына жақтан жүгiрiп ит те келiп,
Тастайды әлгi жауын жарады да…
Алаңдамай тыңда да сөзiмдi тос,
Айтылған сөз емес қой қалжыңмен бос.
Дос деп жүрген кiсiңнiң көбi – дұспан,
Шын досың – жақсылықты ұмытпаған дос.