Qazyr.kz порталы
Руханият

Көктем-көңіл

КӨКТЕМ-КӨҢІЛ

Тұнжырайды қоңыр күз, қоңыр дала,
Бұлттар қатар түзепті шоғырлана.
Қайтқан құстың сусыған қанатынан,
Естіледі бір әуен қоңыр ғана.

Құстар қайтып барады әуелетіп,
Туған жердің төсіне тәуеп етіп.
Көз ұшында тізіліп барады ұшып,
Дала сазын сызылтып әуен етіп.

Жыраққа туған жерден барады асып,
Барады асып, тұманмен араласып.
Желіккен жел ентігіп жетісіп жүр,
Қураған шөптің басын ала қашып.

Қимай тұр-ау жер-ана, дала мына,
Тастап сені жыл құсы барады ма?
Сағыныштың көз жасын кілкіп тұрған,
Бұлттар байлап алыпты қабағына.

Жаз дәуренің япырай, шолақ қандай?
Күн батып ұясына, таң атқандай.
Алқымыма тығылып ет жүрегім,
Алқынады бір нәрсе жоғалтқандай.

Бір тәтті күй жанымды сыздатады,
Тәтті мұңның түбінде жыр жатады.
Қайтқан құспен келерсің көктем-көңіл,
Қанатыңды малып ап нұрға тағы.

Ләйлә Бақдәулетқызы
Ләйлә Камакова

Ұқсас жаңалықтар

Өмір осы

Redaktor Site

Сені ешкімге бермеймін!

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz