Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполистің тазалығын сақтау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған «Таза Қазақстан» акциясын жүзеге асыру мәселелері бойынша арнайы жиын өткізді. Биылғы жылдың III тоқсанына арналған іс-шаралар жоспары аясында қала бойынша санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған нақты жұмыстар қолға алынбақ деп хабарлайды Qazyr.kz
Қала әкімінің айтуынша, Алматы – миллиондаған тұрғындардың үйі ғана емес, сондай-ақ табиғаты көркем, жасыл желекке бай ірі мегаполис. Сол себепті қаланың тазалығы мен экологиялық жағдайы әрбір тұрғынның тікелей қатысуын қажет етеді. «Таза Қазақстан» акциясы дәл осы мақсатты көздейді – қала аумағын күл-қоқыстан тазарту, көгалдандыруды арттыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін күшейту.
Қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Мирас Гайсиннің мәліметінше, акция аясында жыл соңына дейін 34 түрлі іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында апта сайынғы сенбіліктер, көшелерді және қоғамдық аумақтарды абаттандыру, жасыл аймақтарды көбейту, заңсыз сауданы ретке келтіру және экологиялық ағарту жұмыстары бар. Қалада көшелер мен аулаларға қосымша қоқыс жәшіктері орнатылып, жарық бағаналары жуылып, ағаштар отырғызылып жатыр. Биылғы жылдың басынан бері арнайы ашылған @TazaQazBot арқылы 4100-ден астам тұрғын өз ұсыныстары мен шағымдарын жіберген.
Алматының әрбір ауданы бұл бастамаға белсене атсалысуда. Мысалы, Ауэзов ауданында жыл басынан бері 1500-ден астам ағаш отырғызылып, 10 мыңнан астам шаршы метр көгал абаттандырылған. Жетісу ауданында өзен арналарын тазалау, заңсыз қоқыс орындарын жою және бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Түрксіб ауданында 51 сенбілік ұйымдастырылып, 4,6 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 66 жасыл аймақ абаттандырылған. Бұл жұмыстардың барлығы Алматыны таза әрі жайлы қалаға айналдыру мақсатын көздейді.
Жиын барысында қала әкімі Дархан Сатыбалды аудан әкімдеріне әрбір басталған жұмысты соңына дейін жеткізуді қатаң тапсырды. «Қалада көптеген учаскелер қазылып, абаттандырусыз қалып жатыр. Әсіресе жасыл аймақтарда мұндай жағдай жиі кездеседі. Аудан әкімдері мұны жеке бақылауда ұстауы тиіс», – деді ол.
Сонымен қатар, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін көтеру де назардан тыс қалмады. Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбековтің айтуынша, мектептерде тазалық сабақтары ұйымдастырылып, этномәдени бірлестіктер де экологиялық бастамаларға тартылмақ. «Мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен емханалар өз аумақтарын таза ұстауы тиіс. Кейбір медициналық мекемелерде жағдай көңіл көншітпейді. Егер мекеме басшысы қарапайым тазалықты қамтамасыз ете алмаса, онда өз жұмысын қалай дұрыс атқара алады?» – деді Дархан Сатыбалды.
Қала басшысы сондай-ақ халықпен кері байланыстың маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, кейбір жобаларға бюджеттен қаржы бөлінгенімен, олар айлап аяқталмай тұрып қалады. «Мысалы, автополив жүйесінің құбырлары жол бойында апталап шашылып жатады.
Бұл – жол берілмейтін жағдай. Егер мердігер өз міндетін атқара алмаса, келісімшартты үзесіздер. Ең бастысы – тазалық, көгалдандыру және жарықтандыру», – деді қала әкімі.
Жиын қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды Экология басқармасына «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жоспарды бекітіп, оның орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды. Қоғамдық даму басқармасына тұрғындар арасында экологиялық ағартуды күшейту міндеті жүктелді. Ал аудан әкімдіктеріне сенбіліктерді жүйелі түрде өткізіп, ұйымдарды тарта отырып, жасыл желектерді күтіп-баптауды күшейту тапсырылды. Әкімнің айтуынша, тазалық идеологиясы қала басқаруының күнделікті тәжірибесіне және әрбір тұрғынның өмірлік дағдысына айналуы тиіс.
«Таза Қазақстан» – тек уақытша акция емес. Бұл – ұрпаққа таза қала, жасыл орта қалдыру жолындағы тұрақты еңбек пен жауапкершілік. Алматыны таза ұстау тек билік органдарының емес, әрбір алматылықтың азаматтық борышы болуы тиіс.