Сүрінбейтін жан бар ма, құламайтын,
Жаратқаннан жарылқау сұрамайтын?
Дұшпаны жоқ жан бар ма, сүрінгенде,
Сүйіншілеп, сыртынан сынамайтын?
Қылығымыз көп шығар ұнамайтын,
Жұртқа жағар өтірік құрамайтын…
Не істер едің егерде дұшпан шалып,
Күйге түссең бір күні тұра алмайтын?
Өзіңді өзің әсілі, құры алдайсың,
Адамға қайғы бітпес, тұра алмайтын,
Көп адамның әдеті сәл қиналса,
Мәстектей белі кеткен бұраңдайтын.
Мәңгілік бақытты боп жүре алмайсың,
Тағдыр жазса Жаратқан сынайды-ау шын…
Дәуіттің қырық ұлын бір күнде алған,
Шыдар ең басқа түссе бұған қайсың?
Ширатады, қиындық ширатады,
Шығатын жол іздейді бірқатары,
Әрбір істің артында қайыры бар,
Әр сынақтың артында сый жатады.
Сынақ сені шыңдайды қуанғайсың,
Сақтасын қара дақтан жуа алмайтын.
Қасқалдақтан үйренгін сойылменен,
Ұрған сайын мойыны жуандайтын.
Құла да тұр! Қайтадан құла да тұр!
Дұшпандарым шалды деп жылама құр.
Тұра алмайды тек қана өлген адам,
Сен тірісің…
Құла да тұр!
Тағы да құла да тұр!