Қатарыңнан озып кетсең көз тиер,
Қалып қойсаң қадірсіз деп сөз тиер.
Тырнағыңның астынан да кір іздер,
Көре алмаған туысың да теңкиер.
Қоламтасы қоздағанда өсектің,
Су ішінде нар қамысқа өрт тиер.
Ақынға сын басынан сөз асырса,
Атанға сын артқан жүктен ақырса.
Самаурыны қайнағанда өсектің,
«Самарқанды су алады тасыса».
Адам тыныш, заман тыныш болмай ма?
Пенде біткен өз қотырын қасыса.
Арыстаны айға шабар атылса,
Түкірігі жерге түспес қақырса.
Батырын да балағаттар қызыл көз,
Сынған қолын жең ішіне жасырса,
Жаулықтыға жарасады десек те,
Еркегі бар өсек айтар қатынша.
Қызғаныштың қызыл иті абалап,
Қапияда қанжар салар табалап.
Боз биенің шомылсаң да сүтіне,
Аққа күйе жағатұғын қаралап.
Көзін сұғып, тілін безеп жүргендер,
Жүрегіңе ине шаншыр жаралап.
Оқырманым түсін мейлі түсінбе,
Шерді ақтардым шемен болған ішімде.
Өзі болған баланы да өсектер,
Ел алдына ерте шыққан үшін де.
Ақ-қарасын Алла ғана айырар,
Кісі ақысын жібермейтін кісіге.
Сұқтанғанда жүйрігіне көз өткен,
Тепсінгендер теуіп тұрар өзектен.
Қуып жүріп батыр жасар көжектен,
Еттен таяқ, сүйегіңнен сөз өткен.
Шырматылған құтылмайды шынжырдан,
Құдық барда маза кетпес көнектен.
Ер жүректің ерте күнін кеш еткен,
Өлтіріп ап қорған соғар кесектен.
Ғұламаның айтқанына жүгіндім,
Абай мұны айтқан жоқ қой есеппен.
«Өліп кеткен қазақтың жаманы жоқ,
Тірісінің аманы жоқ өсектен».