Ақселеу Сланұлы Сейдімбек Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Атасу ауылында 1942 жылы 12 желтоқсанда дүниеге келген. Әкесі Слан Екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болып, әкесінің ағасы Аманбектің тәрбиесін көріп өскен.
1959 жылы Жаңаарқа ауданының орталығында No1 қазақ орта мектебін бітірген соң комсомолдық жолдамамен «Қызылтау» және «Ақтау» кеңшарының мал шаруашылығында үш жыл еңбек етеді.
Ақселеу Сейдімбек 1961 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, 1968 жылы журналистика факультетін бітіріп шықты. Университетте оқып жүріп, 1963-1964 жылдары, Троицк қаласында әскери міндетін атқарып қайтады. Университетте оқыған жылдары ол үшін білім айдынына құлшына құлаш ұрған, әсіресе тарих, философия, мәдениеттану, этнология, фольклортану салаларына ынта-ықыласпен ден қойған, сөйтіп жүйелі білім алып шығуды мұрат тұтқан жылдар бол- ды. Сонымен бірге ол университеттің «Журналист» газетін шығарушы алқаның және М. Әуезов атындағы Әдеби бірлестіктің мүшесі, «Қайнар» қолжазба журналының бас редакторы, Москвадағы қазақ жастары құрған «Жас тұлпар» атты мәдени қозғалыстың Қазақстандағы өкілі болып, шығармашылық және қоғамдық жұмыстарға сергек араласа бастайды.
Университетті бітірген соң, 1968-1987 жылдар аралығында, облыстық және республикалық баспасөз орындарында әдеби қызметкер және меншікті тілші («Лениншіл жас» – «Жас Алаш»), жауапты хатшы («Орталық Қазақстан»), әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі («Социалистік Қазақстан» – «Егемен Қазақстан»), бас редактор («Білім және еңбек» – «Зерде» журналы және «Әлем» альманахы) болып қызмет атқарды.
Баспасөз беттеріндегі күн құрғатпай жарияланып жататын мақалаларына қоса, бұл жылдары Ақселеу Сейдімбектің әңгімелері мен повестері «Ақиық» (1972), «Қыр хикаялары» (1977), «Тауға біткен жалбыз» (1979), «Аққыз» (1981) деген атпен; очерктері «Кеніш» (1979), «Серпер» (1982) деген атпен жеке кітап болып жарық көреді. Ұлттық-этнографиялық бояуы қанық әңгімелері мен повестері орыс, қырғыз, өзбек, эстон, чех, неміс, ағылшын тілдеріне аударылады. «Кеніш» кітабы үшін Қазақстан Журналистер одағының лауреаты болып, бірінші дәрежелі сыйлықпен марапатталады.
Дереккөз: Қазақтың Ақселеуі. Ақселеу Сейдімбектің өмірі мен шығармашылығы/ Құраст. П. Өтепова. – Астана: Фолиант, 2012.