Qazyr.kz порталы
АймақҚазірэкономика

«Алатау аманаты»: Алматы маңында тау туризмін дамытатын ұлттық жоба басталды

Алматыға жақын маңда тау туризмін дамытуға бағытталған «Алатау аманаты» жобасы ресми түрде іске қосылды. Жоба – ел туризмін жаңа деңгейге көтеріп, ішкі және сыртқы туристер ағынын арттыруды көздейді деп хабарлайды Qazyr.kz

«Алатау аманаты» – еліміздің ең көрікті табиғи аймақтарын біріктіретін ұлттық туристік соқпақтар жүйесі болмақ. Жоба Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Аюсай шатқалында бастау алды. Ашылу рәсіміне Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және мәжіліс депутаттары, қоғамдық палата мүшелері, «Kaz Alpine Club» белсенділері мен экологиялық ұйым өкілдері қатысты.

Ерлан Қошанов өз сөзінде туризмді «жаңа мұнай» деп атап, Президенттің бұл саланы дамытуға басымдық беріп отырғанын айтты. «Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында шетелдік туристер Қазақстанға қуана келеді. «Алатау аманаты» – туризмді жүйелі түрде өркендетуге бағытталған тағы бір маңызды қадам», – деді ол.

Жоба аясында ұзындығы 1200 шақырымнан асатын ұлттық соқпақ Шарын шатқалынан Тамғалы-Тас археологиялық кешеніне дейін жалғасады. Маршрут бойында 24 инфрақұрылым нысаны мен 20 елді мекен орналасқан. Жалпы бұл өңірде 270 мыңнан астам адам тұрады. Туристер этноауылдарға, глэмпингтерге, кэмпингтерге, визит-орталықтарға, құтқару бекеттеріне, сондай-ақ гастрономиялық және этномәдени бағыттарға саяхаттай алады.

Басты туристік нысандар қатарында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы, Көк-Жайлау алқабы,  Алма-Арасан ыстық бұлақтары, Үлкен Алматы көлі, VIII-XIII ғасырларға жататын Талхиз қалашығы және «Oi-Qaragai» тау курорты бар.

Іске қосылу күні жобаға қатысушылар «Таза Қазақстан» ұлттық акциясы аясында таудағы қоқысты жинау бойынша плоггинг ұйымдастырды.

«Алатау аманаты» жобасы алдағы бір жарым жылда толық жүзеге асырылады. AMANAT партиясының Мәжілістегі фракциясы жобаны заңнамалық тұрғыдан қолдауды қамтамасыз етпек. Туристік соқпақтарды заң жүзінде реттеу, оларды жобалау және абаттандыру ережелері әзірленеді. Кейін бұл тәжірибе бүкіл ел бойынша приключенциялық туризмді дамытуға негіз болады.

 

Ұқсас жаңалықтар

Мұғалімнің айлығын сағат санына байламау керек

redaktor_qazyr

Президент Азаматтық қорғау туралы заңға қол қойды

admin_qazyr

Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz