Бүгін, 5 шілде 2025 жылы, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы қаласының Алатау ауданында кең көлемді тазалық және абаттандыру акциясы ұйымдастырып, сенбілік өткізілді деп хабарлайды Qazyr.kz
Шараның негізгі орны Шаңырақ ықшамауданы болды (Әубакірова — Ысқақова көшелері аралығы, Үлкен Алматы каналы бойы мен Қаракемер көшесі). Мұнда тазалық жұмыстарын аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері, коммуналдық мекемелер, білім және денсаулық сақтау нысандарының ұжымдары, ықшамаудан тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлер атқарды. Сонымен қатар белгілі қоғам белсенділері мен еріктілер де сенбілікке белсене қатысты. Қаракемер көшесі бойындағы габионды канал коммуналдық қызметкерлердің күшімен тазартылды. Жалпы акцияға 1500-ден астам адам жұмылдырылды.
Алматы қаласы — еліміздің ең ірі мегаполисі, экономика мен мәдениеттің дамыған орталығы ғана емес, сонымен қатар миллиондаған тұрғын мен қонаққа жайлы орта қалыптастыру жолында үнемі жаңарып отыратын қала. Соңғы уақытта қала әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен Алматыда қоғамдық тәртіп пен қала тазалығын сақтау ісі ерекше бақылауға алынып отыр.
Дархан Сатыбалды қаланы көркейту мен абаттандыру бағытында бірқатар маңызды жобаларды қолға алды. Әкімнің айтуынша, қала тазалығы мен тәртібі — тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы негізгі басымдықтардың бірі. Осы мақсатта қалада ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылып, қоқыс шығару жүйесі жетілдірілуде. Қала көшелерінде тазалықты сақтауға арналған жаңа техника мен заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды.
Сенбілік аясында аттқарылған жұмыстардың негізгі бағыттары:
Проблемалық аумақтарда ағаштарды санитарлық қырқу жүргізілді;
Жаяу жүргіншілер жолдары мен қоғамдық кеңістіктер тазаланды;
Жасыл аймақтар ретке келтірілді;
350 текше метрден астам қоқыс шығарылды;
Білім, денсаулық сақтау және бизнес нысандарының айналасы тазартылды;
Жасыл желектерге суару жұмыстары жүргізілді;
Алатау ауданы әкімінің аппараты сенбіліктің негізгі мақсатын айқындап берді — әрбір тұрғынның өз ауласын таза ұстауға деген жауапкершілігін арттыру.
«Адамдар ең алдымен өздері тазалықты сақтауы керек: қоқыс тастамау, жасыл желектерге ұқыппен қарау — бәрі бала кезден қалыптасуы тиіс әдет». — деді Алатау ауданы әкімдігі көріктендіру бөлімінің басшысы Данияр Мейірманұлы Қаршыбеков.
Қоғам белсенділерінің пікірінше, «Таза Қазақстан» бағдарламасының нәтижелі жүзеге асуы әр алматылықтың жеке жауапкершілігі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Жергілікті тұрғындар да ұйымдастырушыларға ризашылық білдіріп, мұндай шаралар жиі өтіп тұрса деген ниеттерін жеткізді.
Сонымен қатар әкімдік қала тазалығын сақтау ісіне бизнес өкілдерін де тартуда. Көптеген кәсіпкерлер қоғамдық орындарды абаттандыруға, көгалдандыруға және көшелерді жарықтандыруға өз үлесін қосып келеді. Бұл өз кезегінде қаланың көркін арттырып қана қоймай, экологиялық ахуалды да жақсартуда.
Алдағы уақытта Алматыда «Таза қала» атты арнайы бағдарламасы аясында көшелер мен саябақтарды абаттандыру, жасыл желектерді күтіп-баптау, заңсыз қоқыс тастайтын орындарды жою жұмыстары жалғасын табады. Сонымен қатар жаңа экологиялық жобалар іске асырылады. Бұл бастамалардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Алатау ауданы әкімдігі барша сенбілікке қатысушыларға алғыс айтып, алдағы уақытта да тазалық пен тәртіп басты назарда болатынын жеткізді.