Дүние түгел балқитын,
Шұғыла шашып таңынан.
Сағыныш исі аңқитын
Анамның таба нанынан.
Шаттық та жиі қонатын –
Сөнбейді мәңгі санадан.
Керемет дәмді болатын
Анашым жапқан таба нан.
Тағдыры ұқсас осы елмен,
Түтіннен бұлттар тарайтын.
Тезектің шоғын көсеумен
Табаға сәндеп қалайтын.
Ол кезде мүлде бөлек ек,
Ол кезде мұң да – бүтін мұң.
Иісі қандай керемет
Тезектен шыққан түтіннің.
Көктемі көркем, жазы бақ,
Сағынам сол бір таң нұрын.
Тезектен қалған ажырап
Таба нан – менің тағдырым.
Көктемгі күндей жаңбырсыз
Мұңаям кейде азырақ.
Біз де бір бейбақ тағдырмыз
Ауылдан қалған ажырап!