2025 жылғы 12 мамырдан бастап «Алма-Арасан» автотұрағынан радон бұлағына дейінгі туристік бағытты кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасы хабарлады, деп жазады Qazyr.kz.
Жоба аясында радон бұлағының инфрақұрылымы жаңартылып, жол бойындағы көпірлер қайта жөнделеді және бүкіл жаяу жүргінші соқпағы абаттандырылады. Жол бойына жаңа ағаш тақтайлар, сатылар, демалыс аймақтары орнатылады.
Қауіпсіздікті арттыру мақсатында бұлақ маңындағы тау баурайларын қорғау жұмыстары жүргізілуде. Бұл іске өнеркәсіптік альпинистер тартылған. Олар тұрақсыз жартас бөліктерін арнайы құралдармен және гидроқұралдармен қолмен түсіреді. Сонымен қатар, беткейлердің орнықтылығын күшейту үшін анкерлік жүйелер орнатылып, темір торлар тартылып бекітіледі. Бұл шаралар тау массасының беріктігін арттырып, опырылу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңғырту жұмыстарын 2025 жылдың шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Алайда, кейбір жұмыстардың мерзімі ауа райының жағдайына байланысты өзгеруі мүмкін. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл маршрут түрлі жастағы және дайындық деңгейі әртүрлі туристер үшін қауіпсіз әрі жайлы экологиялық соқпаққа айналады.
Қалалық Туризм басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарынан жұмыстар жүріп жатқан кезеңде уақытша шектеулерді ескеруді сұрайды. Маршруттың жабылуы мен жұмыстардың барысы туралы қосымша ақпараттар ресми түрде жарияланып отырады.