Алматы қаласының Бостандық ауданында жаңа оқу жылына дейін жалпы 4 000 оқушыға арналған екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы Бостандық ауданының әкімі Санжар Алин баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Qazyr.kz
Әкімнің айтуынша, білім беру мекемелері « жайлы мектеп» жобасы аясында салынып, заманауи талаптарға толықтай сай келеді. Жаңа мектептердің бірі Егізбаев көшесінде орналасып, 2 500 балаға дейін қабылдай алады. Ал екіншісі Розыбакиев көшесінде бой көтеріп, 1 500 орынға есептелген.
Бұдан бөлек, биыл қыркүйек айында №73 мектептің ғимараты қайта жаңартылып, қосымша 450 орынға арналған ғимарат құрылысы аяқталмақ. Бұл өз кезегінде Бостандық ауданындағы мектептердің жүктемесін жеңілдетеді.
«2025 жылдың соңына дейін №1 мектеп-интернаты мен №189, №191 мектептерде сейсмикалық нығайту жұмыстарымен қатар күрделі жөндеу жүргізіліп, Республикалық физика-математика мектебінің ғимараты жаңғыртылады. Бұл жобаларға жалпы 11 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ, биыл сәуір айында №60 мектептің реконструкциясы басталды, 5,7 миллиард теңгеге жоспарланған жұмыстар 2026 жылдың қыркүйегінде аяқталады», — деді Санжар Алин.