«Алматы» ӘКК» АҚ еншілес ұйымы «Almaty Finance» ЖШС Алматының Индустриялық аймағында жаңа шағын өнеркәсіп паркін салу үшін несие желісін ашты. Бұл туралы «Алматы» ӘКК-нің өкілдері хабарлады.
Жоба «Almaty Business – 2025» өңірлік бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Несиелік желінің жылдық сомасы 6 пайыздық мөлшерлемемен 500 млн теңге. Жобаны «Капстройгрупп-Т» ЖШС жүзеге асырады. Компанияның жеке инвестиция көлемі 700 млн теңге. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге.
Жаңа шағын өнеркәсіп паркі ауданы 1 гектар болатын жер телімінде салынады. Жоба аясында жалпы ауданы 8 927 шаршы метр болатын үш өндірістік және бір әкімшілік ғимарат бой көтереді, оның 7 588 шаршы метрі жалға беріледі. Өнеркәсіп парктің аумағында 8-ден 10-ға дейін шағын және орта бизнес нысандары болады, бұл шамамен 150 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
📌 ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ОҚЫҢЫЗ:Кок-Жайлау: новые перспективы для туристического рынка→
«Шағын өнеркәсіп парктерін дамыту арқасында кәсіпкерлер бастапқы шығынсыз заманауи өндіріс орындарын құра алады. Мұндай ғимараттарды жалға алу құны бір шаршы метріне 2 350 теңгеге дейін беріледі, бұл сома ШОБ үшін қолжетімді. Алматы аумағында 30-дан астам шағын өнеркәсіп паркі жұмыс істейді, оның 15-ін «Almaty Finance» қаржыландырды», — деді «Almaty Finance» ЖШС басқарма төрағасы Ерлан Егембердиев.
Қазіргі кезде нысан 43% дайын. Өндірістік ғимараттардың қаңқалық және әкімшілік ғимараттың көпқабатты бетон құрылымының құрылысы бітті.
Шағын өнеркәсіп паркінің құрылысын 2026 жылы 2 тоқсанда аяқтау жоспарланып отыр.