Qazyr.kz порталы
ӘмбебапҚоғам

Әңгіме: Құдай сана бермесе қиын екен

Құдайдың берген бес перзентін өсірдік. Шал ертеректе кетті. Шама-шарқым келгенше асырап, тәрбие беріп өсірдім. Бірақ бір анадан ала да, құла да туады деген рас екен. Үлкен екі қызымның арасы бір жас. Екеуі кішкентайынан тете өсті. Біреуіне киім әперіп, екіншісін кейінге қалдырсаң үйде қырғын топалаң болатын. «Осы сендерді бауыр деп кім айтады, ит пен мысық сияқтысыңдар» деп ұрсушы едім. Шынында да екеуі бір сөзге келмей, шарт-пұрт кететін. Үлкенмін деп әпкесі, кішімін деп сіңлісі қоймайды. Арасына түсе беріп шаршаушы едім. Өсе келе бақталастықтары біршама азайған сияқты болды. Себебі екеуі екі мектепте оқыды. Екі бөлек университетке оқуға түсті. Таңертең кетіп, кешке бір-ақ көретін болғасын бұрынғыдай шапылдасудан құлақ тыншып қалған. Сөйтіп жүргенде үлкен қызым тұрмысқа шығатынын айтты. Оқуын бітіріп, мамандығы бойынша жұмыс істеп, нанын жегізіп қойғасын аяғына тұсау болғанымыз жарамас деп өзінің сүйген жігітіне ұзаттық. Обалы не керек, қызымның барған жері жақсы боп шықты. Құда-құдағиым да, күйеу балам да дәл өзім армандағандай адамдар екен. Тура мен сияқты екі қыз, үш ұл тәрбиелеп отыр. Қызымды өз қыздарынан кем көрмей, мақтауын асырып отырады. Үлкен қызымның қазір екі баласы бар. Үлкен үйді тербетіп, тірлігін игеріп кетті. Мендегі мәселе – екінші қызым. Негізі титтейінен екеуінің керісіп, шекісіп қалуына осы қызымның қырсықтығы себеп болатын. Бір басына жетерлік мінезі бар өзінің. Тірлікке сәл салақтау, еркекшоралау еді өзі. «Ойпырмай, осы қыз қандай жерге келін болар екен» деп іштей уайымдап жүруші едім. Сол қызымды жақында жігіті алып қашып кетті. «Мама, үйге екі кісі келіп тұр, Самалды алып қашып кетіпті» деп балам звондағанда жұмыста едім. Жолай дастарханға қоятын тәте-түтемді түгелдеп жетіп бардым. Барсам байырғы құдаларым тұр есік алдында. Аң-таң боп қалдым. Келген кісі туған құдамның інісі, біреуі күйеу баласы. «Сіздер мұнда қайдан жүрсіздер?» деппін. Сөйтсем құданың інісі «Жағдай осылай боп қалды, Самал қызыңыз құдаңызға келін болды» деді. Шыны керек, құлағым шыңылдап, жағдайды әлі дұрыс түсіне алмай біраз отырып қалдым. Құдалардан түсінгенім, Самал мен туған құда бала ешкімге айтпай бір жылдан бері кездеседі екен. Оларын жан баласына білдірмеген. Білген жағдайда екі жақтың қарсы болатынын екеуі де сезген шығар. Сосын құда балам қызымды келісіммен алып қашқан. Тіпті туған құдашаны келіншек етіп әкеле жатқанын құда-құдағиға да айтпапты. Маған хабарласып, жағдайды айтуға бата алмаған құдағиым хабаршыларды елші етіп жіберген. «Мен сіздермен барамын, қызбен өзім сөйлесем. Апалы-сіңлілі екі қыздың бір үйге келін болғаны өмірде болмаған жағдай. Үлкені мақұл, кішісінде ми жоқ па, үй ішінен үй тіккені несі, басқа жігіт құрып қалғандай…» деп ашуланып, құдамның ауылына жетіп бардым. Барсам бәрі үрпиісіп, «құдағи не айтар екен» дегендей маған қарап қалыпты. Дереу басына орамал салып отырған қызымның бөлмесіне кіріп бардым. Самалым мүләйім боп қалған. Сызылып, басына ақ орамалды салып алыпты. «Ей, қыз, жынданғаннан саумысың, мынауың не масқара?!» деп басындағы орамалды жұлып алдым. «Түс алдыма, жаныңның барында шық мына үйден, ұят-ай, мына құдалардан ұялмай қалай келдің» деп жылап жібердім. Сөйтсем қызым сасар емес, «мама, менде артқа қайтатын шанс жоқ, біз Бағдәулетпен болып қойдық, менің аяғым ауыр» деп төбемнен дәу қара тасты тастай салсын… Әңгімені ұзатып қайтем, қызым амал жоқ сол үйге келін боп қалды. Құдаларым да «аяғы ауыр» дегенді естігесін үндей алмады. Беташарын өткізіп, тойын істеп берді. Қазір екі қызым абысын-ажын боп бір үйде тұрып жатыр. Баяғы ырду-дырду қайта басталды. Үлкен қызым екі баласымен шаршайды ғой, сөйтіп сіңлісіне «мына тірлікті істей салшы» деп абысындығын жасайды. Оған көнетін Самал бар ма, әпкесіне еркелеп, «менің сабағым бар, жүрегім айнып тұр» деп ішіп-жеп орнынан тұрып кете салады екен. «Мама, мына қызыңызға бірдеңе демесеңіз болмайды, ұйқысынан түсте тұрады, төсегі күні бойы жиналмайды. Ата-енем ондайға үйренбеген, жақтырмай жүргенін сеземін. Әсіресе енем «сіңліңе жайлап ескерт» деп маған айтып жүр. Осы уаққа дейін келін боп бір рет тамақ істеп бермеді. Не ыдыс жумайды, үй де жинамайды» деп үлкен қызым арызданып отыр. «Сен енді баяғы еркетотай емессің, етек-жеңіңді жинап жүр, әпкеңе көмектес» деп жай да, қатты да айтып көрдім. Тыңдамайды. «Істеп жүрген тірлігі еді ғой, не бопты ары қарай жалғастыра берсе. Дереу абысын екенін көрсетіп, маған тиісіп қалу керек те» деп бұртиып қалады. Уақыт өте келе өзі үйренісіп, ұялғанынан істеп кетер деп үндемей, араласпай жүрдім. Қайбір күні құдалардың үйінде әжептеуір жанжал бопты. Үлкен қызымның ыстығы шығып, тұмауратып жатып қалыпты. Құдағи да бір жаққа кетсе керек, сол күні кешкі тамақ істелмеген. Жұмыстан арып-аршып үлкен күйеу балам келсе, дайын тамақ жоқ. Алдымен әйеліне барған, оның ауырып жатқанын көрген соң «балдызым ғой» деген оймен Самалға сөйлеген ғой. «Әпкең ауырып жатыр, ал сен күні бойы үйде отырсың, тым құрыса картоп қуырып қоя салмадың ба» деген шығар. Сөйтсе Самал шапылдап, қайынағасына сөз қайтарған. Ол да «жездем ғой» деп өзімсінген шығар. «Анау сіңліңе айт, еркелігін көтеретін адам жоқ» деп күйеу балам әйеліне сөйлеген. Бәрінің у-шу боп салғыласып жатқанын жұмыстан келген құда естіген. Қысқасы, ағайындылардың арасында содан кейін бір салқындық пайда бопты. Әркім өз әйелінің сөзін дұрыстап шыққан-ау. «Құдағи, айтпайын десем болмай тұр, айтайын десем сіздің жүрегіңізді ауыртып алам ба?» деп құдағиым хабарласты. «Салтанат пен Самалға қарап апалы-сіңлілі дей алмаймын. Қайта екі жақтан түскен абысындар тату, бұларға қарағанда. Екеуіне өзіңіз басу айтып, жөнге салмасаңыз, мен екі оттың арасында қалғандаймын» деді. «Бәленің бәрі Самалдан шығып жатқанын мен де білем. Ыңайсыз ештеңесі жоқ, енесі болғасын ширатып алыңыз» деп айттым. Менің сөзімнен кейін құдағи Самалды жеке шақырып алып, ақылын айтқан шығар. Сөйтсе қызым шарт-пұрт кетіп, киім-кешегін жинап, маған қашып келіпті. «Ажырасам» деп бұлданып отыр. «Ол үйде бәрі Салтанатты сыйлайды, мен адам емеспін, бәрі тиісе береді» дейді. Қарап отырып қан қысымым басыма шапты. «Қалай келсең, солай кет! Мен сені сол үйге зорлап берген жоқпын» деп айқайладым. Менен қолдау таппағасын қызым күйеуін шақырып, екеуі Алматыға қашып кетті. «Бізді іздемеңдер, біз енді бөлек кеттік» депті. «Босанатын күнің жақындап қалды, ақымақ болмай ауылға қайт» деп айтсам тыңдамайды. Енді не істерімді білмей отырмын. Құдай сана бермесе қиын екен. Бәрінен де құдаларға қарайтын бет қалмады.

Ұқсас жаңалықтар

АЭС туралы тұрғындардан сұхбат алған «Орал апталығы» газетінің бас редакторы Тамара Еслямованың басы дауға қалды

redaktor_qazyr

Антон Лапенко мен Maul Comic Con Astana фестивалінде жанкүйерлерімен кездесу өткізді

redaktor_qazyr

«Көпқабатты үйден секіріп кеткен» Алматыда ҰҚК-нің курсанты қайтыс болды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz