Qazyr.kz
ӘмбебапҚоғам

Әңгіме: Өгей ана

Кішкентай кезімізде ата-анамыз бір шал немесе бір кемпір қайтыс болыпты деп жан-жақтағы жақындарға хабар айтып, бәрі жиналып барып келіп жататын. Соған қарап, балалық түйсігімізде тек шал мен кемпір ғана өледі деген оймен жүріп, жасы елуге де толмаған анамыздан қапелімде айырылып қаламыз деп ойламаппыз. Әкеміз күнде жұмыста, үйдің базаршысы мен болдым, дүкеннен азық-түлік әкелу менің мойнымда, әкем берген ақшаның күнде есебін беріп отырамын. Сол кездері әр үйде бір айнасы бар сары шифонер болатын, соны құлыптап, дәу қара чемоданды құлыптап кілтін мектепке баратын сумкама салып аламын, өзім төртінші сыныпта оқимын. Менің де, екінші сыныптағы сіңлімнің де шашымыз ұзын, қалың, шаш биттеп, қыста үйге от жаққаннан үйдің қабырғасы қара күйе, көрпешелердің тыстары кір. Дәл сол сәттерде анамыздың қайтқанына жыл болған кезде үйге екінші анамыз келді. Өз анам өте таза болатын, өзі тігіс тігетін, ауылдағылардың барлығының текметтерінің(киіз төсеніш) оюын оятын, үй, қора-қопсы, бақша бәрі қолмен қойғандай болатын. Ал мына анамыздың тазалығы асып түсті, үйден бәрін шығарып әктеді, көрпелерді жайды, көрпеше тыстарын жуды, мата алып төсейтін жайма,жамылатын көрпелерге тыс тігіп, киіздерді қағып-сілкіп, қабырғада ілулі қолдан тоқылған кілемдерді щеткілеп, шашымызды тазалап көп бұрым етіп өріп қойды. Сабағымызды қадағалап, әсіресе орыс тілінен көп көмегі тиді. Мен шелпек пісіре алмайтындықтан бейсенбі сайын отқа бір қасық май салатынмын анама атап, бұл кісі келген соң бір жылға дейін көршілерді шайға шақырып құран оқытып тұрды. Тазалыққа өте жіті көңіл бөлетін, жуған кірлері ақ шатырдай болатын, күнде ұйықтар алдында беті-қолымызды,аяғымызды жумай жатқызбайтын. Бізді мектеп бітірген соң оқытты, тұрмысқа берді жасауымызды жасап, балаларымызға мейірімін көрсетті. Інімді үйлендіріп, балаларына өте жақсы қарады, кір-қожалақ еткен жоқ, үстері тап-таза, ерінбей жүгері талқан жасап қойып, сүтке күріш, тары салып жарма жасап(тәтті етіп пісіретін).
Қаланың қызы едім деген жоқ, үйдің де түздің де тірлігін бітіріп жүрді, асты-үстіне түсіп емес, керісінше өте қатал әкемізді де сыйлап, тәрбие-тәртібіне көнгеніне ризамыз.
Әкеміз сексен беске келіп дүниеден озды, үш жылдан соң анамыз, үш-төрт күн жатты да кете берді(Алла мекендерін жұмақтың төрінен нәсіп етсін).
Қазір басымыз қосылса, еске алып отырамыз, ешкімде жоқ әке мен өгейлікке қимайтын анамыз болғанына шүкірлік айтып.

Гүлшарат Тұрашева

Qazyr.kz

Ұқсас жаңалықтар

Хакерлер, әкімдер жайлы репортаж түсіретін журналист Асхат Ниязов пен жақындарының WhatsApp нөмірін бұғаттап тастады

redaktor_qazyr

Біреулерге жақпайды күлгенің де

redaktor_qazyr

Таусылмас арман

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Бұл веб-сайт тәжірибеңізді жақсарту үшін cookie файлдарын пайдаланады. Сізге бұл жақсы деп есептейміз, бірақ қаласаңыз, бас тартуыңызға болады. Қабылдау Толық оқу

Құпиялық және cookie файлдары саясаты