Qazyr.kz порталы
ӘмбебапПайдалы кеңестер

Әңгіме: Уақтылы өмір сүр!

Баяғыда жас күнімде әжем маған көзінің қарашығындай сақтап жүрген байлығын көрсетті – бір құты әтір. Француз әтірі. Құтысы да ерекше еді. Құтысының өз құндағы бар. Құндағының сыртында жаққышы болатын. Бұл байлығын қорапқа сап тығып қоюшы еді. Ал, иісі… Жұпары естен кетпес керемет еді. Мен сонда қатты таң қалғам. Әтірді ешкім қолданбайтын. Тек сақтап қоятын. Кімге арналған деп сұрай беруші едім.
— Саған! — дейтін әжем. – Тек әлі уақыты келмеді. Бойжеткенде осы әтірді сеуіп шығасың. Тым құрымағанда 18 жасқа кел, — деді де, әтірді тығып қойды. Мен кәмелеттік жасқа келгенше әтір сақтаулы қалды.
Ал мен 18 жасқа келгенде сол әтір еске де түспеді. Ойымда тек: достар, құрбылар, сабақ, сауық кештер, қырындайтын жігіттер болды. Сосын тұрмысқа шықтым. Балалы болдық. Жұмыс. Өмір өз ұйығына тартып кетті.
Сақтаулы қорапты тығып қойған жерінен жақында ғана шығардық. Қорабы сарғайып кетіпті. Құтысын шаң басқан. Жұпары да қышқылданып кеткен. Жағымсыз сондай. Ұзақ сақтағаннан әтір өліп қапты. Әтір де өледі екен.
Әжем әтірін көрсеткен уақытта анам да кәмелеттік жасқа толғанда алған сыйлығын көрсетті. Фин етігі. Пара беріп, зорға қолы жеткен етік екен. Алуын алғанмен, бірде бір рет кимеген. Бұл етікті сен тұрмысқа шыққанда берем деді. Фин етігін киген қалыңдықты айтсайшы деді. Бүкіл жігіт сенікі болады деп қойды. Етікті киіп көрдім. Тұп-тура екен. Өкшесі де биік емес. Былғарысы да жұп-жұмсақ. Оқушыға әбден лайық етік еді. Анам қазір кигеніме қарсы болды. Әлі қалыңдық емессің деді. Етік сол күйі антресольда шаң басып жатты. Біраз жылдан соң қажетсіз боп қалды. Аяғым өсіп кетті. Етік сыймай қалды. Анамның аяғы толып кетті. Етік тарлық етті. Көпбалалы танысына ұсынып еді, ол сәнді емес деп алмады. Амал жоқ, сиқырлы етікті қоқысқа тастадық. Бәлкім, бомждар киген шығар.
Әтір мен етік те тұрған не бар, ұсақ-түйек дерсіз. Әрине, солайы солай. Алайда бір күні ұқсас оқиғаны естіп қалдым. Әйел жалғыз ұлын бір өзі өсіреді. Балам ештеңеден құр қалмаса депті. Үш жұмыс істейді. Ұйықтауға уақыт таппай кетеді. Сөйтіп баласына кроссовки алу үшін тұрған түнгі жұмыстан қабағы қатулы келеді. Баласы есік қағады. «Саған айтар сырым бар, анашым, сөйлесейікші» дейді бала. Шешесінің қолы тимейді. Басы жастыққа жабысып қалғандай ауыр боп тұрады. «Ертең сөйлесеміз, тыңдайтын шамам жоқ» деп зекиді шешесі. Ұйқыдан тұра сала жұмысқа кетеді. Жаңа кроссовки киген баласын елестетеді. Ертесі келсе, баласы асылып қапты. Ертеңге жетпей қапты. Оған кеше керек еді.
Ешкімді айыптап отырғам жоқ. Туыстарым – олар дефицит дәуірінің ұрпақтары ғой. Анау бақытсыз әйелді де айыптаймын. Ол сол «ертеңді» күнде еске алатын болар. Мұндай хикаялардан алған бір сабағым бар.
Егер бір нәрсені ертеңге қалдырсаң: әтірдің жұпарын, ыңғайлы етікті, тәтті кәмпитті, ет жақындарыңмен бірге өткізетін уақытты – әр нәрсенің жарамдылық мерзімі болатынын ескеру керек.
Уақтылы жемесең, кимесең, қуанбасаң – берілген сәтті өткізіп аласың. Ақырында бәрі қалай күлге айналғанын байқамай қаласың.
Шоколадқа құрт түседі, әтірің бықсиды, ал кездесудің қуанышы немқұрайдылыққа ұласады…

Морена Морана
Аударған Шынар Әбілда

Ұқсас жаңалықтар

Арыстық ақсақал мен немересі Республикалық «Батагөй» байқауынан жүлдемен оралды

redaktor_qazyr

Беттегі тыртықты қалай кетіруге болады?

redaktor_qazyr

Міржақып Дулатұлы- наурыз

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz