Qazyr.kz порталы
ӘмбебапҚоғам

Әңгіме: Жетімдік


–Асель! Аселька! Қайдасың, ботам-ау?!
Үйге аптыға кірген әкесінің жан шуағына толы осы бір сөзі ас бөлмеде жүрген он жасар Әселдің сәби көңілінің қуанышын еркелікке ұластырып жүре берді.
–Папа-ау, не болды, сонша айқайлап, мен міне мындамын, саған шәй қойып жатырмын,–деп бұртия қалған Әсел әкесінің қолындағы әлде бір тосын затты көріп, онан әрі тіл қатпады. Соны сезген Кеңес та аяқ киімін шешіп, қызының басынан сыйпап, құшағына басты.
–Міне, мынау–сенің мамаңның суреті,–деп ол қолындағы жаңағы заттың орауын жазды да, ас үйдегі стол үстіне жайып салды.
–Үлкейттіріп әкелдім. Бұл суретті Әсет екеуіңнің ұйықтайтын бөлменің төріне іліп қоямыз,–деген Кеңестің де үні дірілдеп кетіп еді.
Ботадай мөлдіреген кіп-кішкене жанарына жас үйірілген Әсел әке құшағынан пана іздегендей Кеңеске қарай ұмтыла берді. Әселінің жетімсірей қалған мына бейнесін көрген оның да жүрегі аузына тығылып, кеудесіне өксік толды. Бірақ босамады. Кішкене ғана Әселін құшағына басып отырды да:
–Аселька, сен далаға шығып ойнай ғой! Мен оған дейін бақшадан Әсетті алып келейін де сендерге тамақ істеп қояйын,–деп ойын жинақтап, үй тіршілігіне кірісті.
Бір үйлі жанның жетімсіреген тіршілігі міне осылайша жалғасып жататын-ды. Ауыр сырқаттан қырыққа да жетпей дүние салған марқұм Ақнұрдың мына үш бірдей жетімегінің қазіргі көңіл-күйлері бейуақ іңірдің тылсым қараңғылығымен бірге күңгірттеніп барады.
Үшеуі үн-түнсіз отырып, тамақтарын ішеді. Қос балапанының көңілдерін қаншама жадыратқысы келіп, небір қызықты жайларды айтса да, Әсеті болмаса, Әселі езу де тартпайды. Содан Кеңестің бар ұққаны–анасының қайғысы сәби жүрегіне меңдеп еніп бара жатыр-ау осы! Тұла бойы тұңғышым деп еркелетіп өсіріп келе жатқан Әселінің жанарына әйтпесе мұң тұнар ма еді?! Тегі қыз бала шешеге жақын тұрады деуші еді, сол рас екен-ау!
Тірі адам тіршілігін жасайды деген өмір заңы бойынша Кеңес те екі баласымен маңдайына жазғанын көріп жатты. Шаршап, қажыды да. Бірақ мына Әселі мен Әсеті үшін босаңсуына мұның хақысы да жоқ болатын. Осы екеуінің жан жүректеріне ең жақын адамы өзі екенін ол білетін-ді. Соны сезінген сайын әкелік жүрегі тағат таппай таңның атысынан күннің батысына дейін мұны зыр жүгіртетін. Әсетті бақшаға апарып, алып келуден басталып, Әселін мектепке шығарып салуы бар, әйтеуір осы екеуінің тіршілігінің дөңгелегін бір өзі-ақ айналдырып, қажуды да, жалығуды да ұмытқалы қашан.
Бірақ өздері үйренісіп алған осы бір қоңыржай тіршіліктерінің шырқы бұл үйдің босағасын Ажар атты әйел аттаған соң көп ұзамай сеңдей бұзылып жүре беріп еді. Әсетті қойшы әлі де ой тоқтатпаған немене, ойыншықтан ойыншық қоймай ойнап, өзімен-өзі мәз-мәйрам болады да жатады. Әкесі “мама деп айтыңдар” деген соң Ажарды алғаш “мама” деген де Әсет болды. Бірақ осы бір әйелді Әсел “мама” дей алмай қойды. Тіпті үйлеріне бір бөтен жан кіріп кеткендей бойына әлде бір үрей пайда болды. ас ішерде де өзін тап бір бөтен үйде тамақ ішіп отырғандай, тіпті артық бір тілім нан алып жеуге де жасқаншақтай берді. Қолдары да дір-дір етіп, әкесіне жаутаң-жаутаң қарап, содан бір пана тауып, соған тығылғысы келеді де тұрады.
Бұрынғыдай емес, бұлардан гөрі қарсы алдында отырған әйелге назарын көбірек салатын сияқты. Тіпті жанында Әселі мен Әсеті барын да ұмытып кетіп жүр. Бұларға түсініксіз әлдебір жайларды айтып, бұлардың көзінше жаңағы әйелді еркелетіп, құшақтап, қарқылдап күлетін де болды. Сол сәтте Әсел мен Әсет бір-біріне жаутаңдай қалып, ішіп отырған астарын да қоя қоятын.
–Ішіп болсаңдар тұрыңдар да ана жаққа барыңдар, отыра бермей!
Ажардың бұл зілді сөзі Әселдің кішкене ғана ет жүрегіне оқтай қадалып еді. Жаутаңдап әкесіне қараған бойы Әсетті қолынан жетектеп алды да, өздерінің бөлмесіне келді.
Бөлменің есігін ашқан сәтте тап қарсы алдарында түнеу күні әкелері үлкейттіріп әкеліп, іліп қойған өз аналарының суреті, жансыз бейнесі тұр еді шуақ төгіп. Мына жарық дүниеге тастап кеткен қос сәбиін көріп, күлімсіреп тұрғандай, анасының суретіне көзі түскен Әсел өзіне өзі ие бола алмай өксіп-өксіп жылап жіберді. “Мама, ма-ма” деуге ғана шамасы келіп еді сәбидің.
–Әне, айттым ғой мен саған! Сенің мына екі балаң тұрғанда біз бір-бірімізбен тұра алмаймыз,–деп Ажар осыдан кейін Кеңестің құлақ етін жей бастады.–Анау қызың тіпті түк те істеуді білмейді екен. Қалай тәрбиелегенсіңдер? Тіпті өзі мені жеп қоятындай көзбен ататынын қайтерсің.
Қанша айтқанмен әкесі ғой. Әсел жайлы айта бастағаннан-ақ Кеңестің жүрегі сыздайтын, жаны қамығатын-ды.
–Қой, өй деме, бала емес пе әлі,–деп Әселіне ара түскісі келіп еді, Ажардың баж-бұж еткен даусынан балаларын қойып, өзінің зәресі ұшып, төбе шашы тік тұрған-ды.
Бірін-бірі жетелей оянған Әсел мен Әсеттің сәби өмірлерінің жазы бітіп, мынау келген күз қос жетімнің жабырқау көңілдерінің бұлтын ауырлата түскен еді. Әселді әкесі апарып қаладағы мектеп-интернатқа орналастырды да, Әсетті апта бойы күндіз-түні бағатын бақшаға берді. Сөйтіп Ажар екеуі жаңа қосылған ғашықтардай болып шыға келді…
–Сен, Әсел, енді үйге келмейсің, каникулға ғана келіп тұрасың. Каникул болғанда өзім алып кетемін. Ал, Әсет, сен бақшада бір апта бойы боласың, сені тек демалыс күндері ғана үйге әкеліп отырамыз,–деп Кеңес жәудірей қараған қос балапанының киімдерін жинастырып, мән-жайды өзінше ұғындырдым деп ойлады.
Әкесінің сөзінен де, көзінен де әлдебір салқын леп сезгендей Әсел:
–Папа, неге мен үйге келмеймін? Әсет жалғыз өзі қалай ұйықтайды, қорқады ғой ол. Бойын үрей билегендей дір-дір етіп жылап жіберді.
Кеңес үндеген жоқ. Балаларының киімі салынған сөмкені алды да, Әсетті жетектеп, Әселін соңынан ертіп үйден шыға берді…
Жаңа оқу жылының алғашқы каникулы қарсаңында Кеңес Әсел оқитын интернатқа барды. Жатақхананың кең дәлізінің ана басынан өзіне қарай аяңдап келе жатқан қызын көргенде жүрегі тулап қоя берген еді. Әсел асығар емес, баяу салмақты жүріспен жанына келді де, әкесінің мойнына асыла кетті.
–Құлыным,–деді Кеңес те көзінен жасы ыршып.–Жаным, кішкене жаным сол менің!..
–Жә, папа, жылама, балалар көріп қалса ұят болады! Әсет қайда, ол жылап жүрген жоқ па?!
Әселдің мына сөзінен есейіп кеткендігін ұғып еді әке жүрегі. Құлазыған жаны мұңға малынған екен ғой Әселінің.
Көңіліндегі көл-көсір қуанышымен ұшқандай болып, өз үйіне келісімен Әсел жүгіре басып, Әсет екеуі жататын бөлмеге кірді. Кірді де сілейіп тұрып қалды. Тап қарсы алдындағы қабырғада ілулі тұратын жан анасының суретін көзімен іздеп еді, таба алмады. Қос жанарына жас үйіріліп, ас үйге келді де:
–Ажар, тәте, менің мамамның суреті қайда?–деді үні дірілдеп.
–Ой, қаншық неме, саған ол сурет неменеге керек еді? Қаршадай болып қарай гөр мұны, жыртып тастағанмын,–деп Ажар көздері жасаурап өзіне қасқая қарап тұрған Әселге айқай салды.
–Неге, неге жырттыңыз, ол менің мамам ғой, мамам ғой!
Сәби жүрегін өксік буған Әсел егілген қалпы өз бөлмесіне келіп, солығын баса алмай ұзақты кеш жылады. Мұның сәби жанын уатар, уыз жүрегіне жылу шашар дәл қазір ешкім де жоқ еді. Мейірімін төгіп тұратын анасының суретін де көпсінгендей тағдыры.
Бөлме іші қою қараңғылыққа малынса да, шамды жақпай терезе алдына келген Әсел сыртқа көз салып еді, табиғаттың да ойран асыры шығып жатыр екен. Аспаннан қаптаған қара бұлттар жер әлемді жалмап жіберердей, ызбарлы, сұсты кейіппен төніп-ақ тұр. Жапалақтап жауған ақша қар ұшқындары терезе әйнегіне қонақтап, іле еріп, мөп-мөлдір тамшы болып, сорғалай жөнеледі. Табиғат та жылап тұр. Ол да мынау өзінің төл перзенті, сонау кең де байтақ дүниеден бір анасы болмағандықтан ғана пана таба алмай тұрған мына кішкене Әселмен бірге жылағандай. Бірге мұңайып, бірге егілгендей еді.
Кіре берістегі қоңыр телефон ұзақ шырылдады. Барып тыңдауға ас үйде жүрген Ажардан батылы жетпеген Әсел “бұл кім болды екен, осыншама қоймай қоңыраулатып жатқан” деп ойлады. Әлден уақытта барып еденді сықырлата басып Ажардың телефонға бара жатқанын сезді де, құлағын түре қалды.
–Е, ауырса не қылайын оны?! Қызуы көтеріліп жатса өлер деп пе едіңдер, сендер не бағып отырсыңдар,–деген Ажардың сөзінен есін жиған Әсел әлде бір жағдайды сезгендей, тұрған орнынан жүгіре басып телефонның жанына келді. Осы сәтте Ажар да телефон трубкасын сарт еткізіп қоя салған еді.
–Тәте, тәте, не болып қалды, Әсет емес пе екен ауырып қалған?–деп үні дірілдеп жылап жіберді.
–Иә, Әсет қатты ауырып жатыр дейді,–сен не істей қоясың оған,–деп Ажар сәби жүрегіне өгейліктің тағы бір өткір найзасын сұғып алды.
Бота көздерінен жасы парлай жүріп, үстіне қолына түскен кеудешені іле салған Әселдің тәпішкесімен далаға жүгіре шыққанын Ажар байқамай да қалып еді.
Алай-дүлей соққан қарашаның қара суығы мен қарына да қарамастан Әсеттің бақшасына қарай тас қараңғы көшемен жүгіре басып келе жатқан қаршадай Әсел “мама, ма-малап” шырылдап келеді.

Ұқсас жаңалықтар

Шағыр ауыл көшелеріне қашан асфальт төселеді

redaktor_qazyr

Құлсары: «Су басқан үйін көріп келемін»деген әкесі мен ұлының денесі табылды

redaktor_qazyr

Табылды Досымов – Қазақ едім дегенше

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz