Qazyr.kz порталы
ӘмбебапБасты ақпаратЖаңалықтарҚазір

Астана қаласының мектептерінің біріне Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді

Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 79 жылдығы қарсаңында Астана қаласының № 44 орта мектебінде салтанатты іс-шара өтті.

Оған Қорғаныс министрлігінің, Астана қаласы білім басқармасының өкілдері, Қарулы күштердің, Ауған соғысының ардагерлері, мектеп басшылары мен оқушылары және Рақымжан Қошқарбаевтың туыстары қатысты.

Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев биылғы жылы Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа ту тіккен батыр, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы екенін еске салды.

– Іс-шараның бәрі Үкімет бекіткен кешенді жоспар шеңберінде өткізіледі. Оның бәрі Отан қорғаушылардың бүгінгі және болашақ ұрпағы үшін үлгі болып табылатын қазақтың батыр ұлының есімін мәңгілікке қалдыруға арналған. Даңқты батырдың есімін алу құрметті әрі жауапкершілігі жоғары, – деп атап өтті ол.

Мектеп ұжымы мен оқушылары үшін маңызды оқиға Рақымжан Қошқарбаевтың мемориалдық тақтасы мен батыр атындағы алғашқы әскери-технологиялық даярлық сыныбының ашылуы болды.

– Біз атамыздың есімін мектепке бергеніне қуаныштымыз. Ол кісінің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Көзі тірісінде ол соғыс туралы айта бермейтін. Әрқашан бейбітшілікті тіледі. Біздің көк туымыз әрдайым желбірей берсін, – деді Рақымжан Қошқарбаевтың немересі Маржан Нұрмағамбетова.

Іс-шара соңында құрмет қарауыл ротасы қару-жарақпен дефиле көрсетті, ал оқушылар Рақымжан Қошқарбаевтың өмірінен көріністер сахналады.

Ұқсас жаңалықтар

2023-2024 оқу жылының Қыркүйек айынан бастап,бастауыш сыныптар үшін не өзгереді?

redaktor_qazyr

Түркістан облысында тауда жоғалып кеткен 16 жасар 2 баланы полиция аман-есен тапты

redaktor_qazyr

Шағыр ауылында ұлттық спорт түрінен сайыс өтті

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz