Qazyr.kz порталы
БілімПайдалы кеңестер

Ат тағалаудың құпиясы

Ат тағалау оңай шаруа сияқты көрігенімен, әр аттыңтұяғының формасы әртүрлі: қалың, жұқа, үлкен, кішкене және әртүрлі уақытта өсіп-жетіледі, сондықтан ат тағаларда жыл мезгіліне және ат қай жерде пайдаланылады, жазық жерде ме, тау-тас па, соған сәйкес таға таңдап алынады.

Таға соғып жүрген ұсталар тағаны формасына қарай бүршік таға (емшек таға), жайпақ таға, жыл мезгіліне қарай қыстың емшек тағасы, күздің (жаздың) жайпақ тағасы деп бөледі. Тағаларды суға қанбаған жасық темірден соғады, асыл темірден соқса, морт сынғыш болады. Халық арасында ай таға, шеге таға деген сөздер кездеседі. Қасан (қасаң) таға деп тозған тағаны айтады. Бүршік тағаның ортасында және екі жақ ұшында үш бүршігі (емшегі) болады, биіктігі 1,5 см тағаның көлденеңі 10 см, ұзындығы 11,5 см (орташа ат тұяғының мөлшерімен – А.Т.), әр таға бес шегемен тағаланады, шегелерінің ұзындығы 4,5 см, басы ұзынша төртбұрыштанып трапеция тәрізді боп келеді, бір атқа 20 шеге кетеді. Бүршік таға аттың аяғының сырт жағынан, қазақша қамшылар жағынан үш шегемен, іш жағынан екі шегемен шегеленеді, себебі қыста аяқтың сырт жағына көп күш түседі деп есептелінеді. Жаздық (күздік) жайпақ таға төрт шегемен ғана шегеленеді, сонда бір атқа 16 шеге қажет. Аттың жасына байланысты тай таға, құнан таға деп те атау қалыптасқан. Жетісуда жазда да, қаста да жайпақ тағаны пайдаланған, қыста таймас үшін шегенің қалпақбас жағын үлкенірек қылып, оны әдейі үшкірлеген, мұны «мұз шеге» деп атаған. Жазда шегені тағадағы ойықтың ішіне кіргізіп тағалайтын. Төсін шауып алып, жара қылады деп бәйгеге шабатын атты Моңғолия қазақтары ешқашан тағаламайды.

Ат тағалау — көбінесе мініс және жорық аты тұяғының табанына тағаны шегемен бекіту үрдісі. Яғни тек алыс жолға немесе қыста мінілетін аттарды тағалайды. Қыстыгүні тағалы ат мұз бен тоңда таймайды. Кейде жұт жылдары да тай және құнан сияқты жас жылқыны өзіне шақ тағамен тағалайды. Ат тағалау таулы-тасты күдір жерлерде аттың табанын тас бату, «тасырқаудан» (ат тұяғының желінуден ақсауы) жараланудан сақтайды және аттың нық жүруін қамтамасыз етеді. Яғни тағаланған ат «ет сақтайды» (азбайды), арымай бір қалыпта жүреді, тастақ жерден батыл өтеді. Фольклорлық дәстүрде Мөңке би айтқан екен деген сөз сақталған:

Арғымақтың аяғы,

Айдай таға қағылса,

Кілегей мұздан таяр ма.

Қазақ сейсенбі күнді ат тағалауға сәтсіз күн дейді. Сәтті күндер ретінде дүйсенбі, сәрсенбі, сенбі күндерді таңдайды. Осы күндердің дәл түс кезінде тағалағанды жөн көреді. Тағалайтын күні атты суаруға болмайды. Себебі ат тұяғы шеге қаққанда жарылып кетуі мүмкін. Ат аяғын жаңа соғылған немесе бұрын пайдаланылған тағамен де тағалай берген. Ат тағалау үшін ең алдымен аттың тұрасының табаны кедір-бұдыр болса жонып, егер маймақ немесе қаратұяқ өскен болса, жылқының тұяғын шотпен шауып тегістейді. Ал табанның жүрекшесі кесілген болса, тұяғының астына жұмсақ зат салуға да болады. Егер тағаның тесігі сыртына қарай қиғаш бітсе, онда шеге тұяқтың тұрасын тесіп кететіндіктен ол тағалауға жарамсыз деп есептелінеді. Тағаның шегесі сәл имектеу келеді. Сол имек жағын ішіне қаратып қағылады. Шеге дұрыс қағылмаса жарақаттап, ат сүріншек болады.

Егер атты жығып тағаласа, алдымен астыңғы екі аяғынан бастаған қолайлы. Алайда, артқы аяғынан бастап тағалайды. Шеге қағудың да өз тәртібі бар: әуелі тағаның маңдай шегесін, онан соң шеткі екі шегсесін, ең соңында ортасындағы шегені қағады. «Тағашы тағашы емес, ұстаушы тағашы» деген сөздің мәні жылқы ұстаушының міндетінің өте жауапты екендігін меңзейді. Жылқыны жығып байлаған соң, ұстаушы адам аттын аяғын тізесіне қойып, табанның жүрекшесінің артынан екі бармақпен тіреп тұрып, буыннын қозғалмайтындай етіп балға мен төске қарсы берік қаусыра ұстайды. Тағалаушы тағаның шетесін балғамен сілки ұрады. Шеге кірген сон басын тістеуікпен қиып тойтарады. Ең соңында мінер жақ аяқтың алдыңғы орта шегесі қағылады. Aт аяғының қасаң таға қалса, тұрада шеге қалды деп оны алып тастайды. Тағалап тұрғызған соң ат денесімен сілкінсе онда тағалаудың баянды болғаны. Содан кейін атты біраз жерге жетектеп жүргізеді. Егер ат аяқтарын ауырсынбай бүгежектемей нық басып жүрсе, оның дұрыс тағаланғаны деп есептеледі. Ат тағалаған кезде тұяқтың тұрасына шегенің тиген-тимегенін жіті бақыламаса, кейін тұрасы іріңдеп ат ақсап қалуы мүмкін. Ондайда шегені суырып, тесікке сақар деп аталатын қара сабын дайындайтын шикізат енгізсе, іріңді айдап шығады.

Ұқсас жаңалықтар

Балалық балладасы

Redaktor Site

Іріңді емдеу жолдары

redaktor_qazyr

Ақын туралы жаттау

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz