Ауған соғысы (27.12.1979 — 15.02.1989) — КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс.
— КОКП және КСРО басшылығы Ауғанстандағы 1978 жылғы сәуір төңкерісі нәтижесінде билікке келген “халықтық-демокр. үкіметті” қолдап, көршілес елдің соц. бағытпен дамуын көздеп, “интернационалдық әскери жәрдем береміз” деген желеумен оның ішкі істеріне араласты.
— Бұл “қырғи қабақ соғыс” кезеңі өткеннен кейінгі уақытта да КСРО-ның өзге елдерді өз ықпалына қарату саясатының айқын көрінісі еді. 1965 ж. қаңтарда Ауғанстанда Кеңес Одағы Мемл. хауіпсіздік к-ті (МХК) тыңшыларының қатысуымен жартылай астыртын қызмет атқарған халықтық-демокр. партия (ХДП) құрылып, біраздан соң ол екіге бөлінген.
— “Хальк” тобын Н.М.Тараки, Х.Амин, ал “Парчам” тобын Б.Кармаль басқарды. 1977 ж. мамырда Мәскеудің нұсқауымен ХДП-ның екі тобы бірігіп, астыртын қимылдарын ұлғайта түсті. Мұхаммед Дауд үкіметі ХДП-ға қысым жасап, 1978 ж. 26 сәуірде оның басшыларын қамауға алды. Ертеңіне Кабулдағы әскери күштер көтеріліп, Дауд бала-шағасымен қазаға ұшырады. Сөйтіп Ауғанстанда ХДП билігі орнады.
— Жаңа үкімет КСРО-ның айтқанынан шықпай, бірден социализм негізін қалауға кірісті. Жер реформасын енгізу, діндарларды қудалау, ағарту саласындағы өзгерістер, кеңестік мамандарды көбірек пайдалану, жергілікті көшпелі тайпалардың әдет-ғұрпымен, салт-мүддесімен санаспау, т.б. бұқара халықтың наразылығын тудырды. 1978 ж. қазанда ірі қарулы қарсылықтар басталды.