Qazyr.kz порталы
Руханият

Байділдә Айдарбек-Ақ орамал

Сағыныштан жан сыздап, қалдыра алмай кейінге,Шалғайдағы досымды іздеп бардым үйіне.Ағамыздай боп кеткен, жүруші еді жарқылдап..Өзгермепті, сол қалпы, қарсы ап жатыр аңқылдап.

 

Тек мені емес, сағыныш оларды да жеңген бе?Мені көріп ағам мәз, мәз боп жатыр жеңгем де.Жеңгем тартқан орамал тым ескілеу көрінді.Айтып салдым ойымды баса алмастан өзімді.

 

-Айтшы аға, соншалық бұл орамал асыл ма?Көрінбей ме тым көне қыздай жеңгем қасында?Жеңгем күлді:-Ұялттың-ау.. Қайным саған не дейін.Орамалдың енді мен сырын айтып берейін.

 

Студент ек ол кезде, аңғал едік, жас едік.Ғашық едік өмірге, сезімге де мас едік.Бір күн өтсе, ертең деп ойламаушы ек ештеңе.Киім іздеп көбірек барушы едік Тәшкенге.

 

Екі жігіт, екі қыз, қоңыр күздің уағында,«Қайдасың-деп Тәшкенім» тартып кеттік тағы да.Ауызды ашып, таң қалып, жүрміз ЦУМ-ды аралап.Не іздейсің, бәрі бар. Бәрі осында, ғаламат!

 

Керек заттың бәрін ап шыға бердік шеткері.Кенеттен бір орамал көзге түсе кеткені..Түрі де әппақ, гүлі де ақ, кіршіксіз ақ орамал,Деп тұрғандай: «Тастамай мені сатып орап ал»..

 

Ақ орамал есімді ап, айырғандай еркімнен,Саусақтарым дірілдеп ұстай бердім шетінен.Осы кезде құрбым да сөйлей жетті қасыма.-Ақ орамал!? Алдың ба? Тартшы кәне, басыңа.

 

-Қайтіп алам? Ақшам жоқ.. Тұрмын соған мұңайып.Құрбым күлді:-Давайте, жігіттерді сынайық.Жігіттер де кеп жетті шаршаңқылау жүздері.Әзіл айтқан боп жатыр көре сала біздерді:

 

-Бұдан былай қыздармен енді Тәшкен бармаспын..-Мен де саған жүрші деп енді қолқа салмаспын,Іліп түсті құрбым да:-Бері қара, жігіттер!Мені тыңда болсаңдар қыздан егер үміткер.

 

Ғажап мына орамал екеумізге ұнап тұр.Алар едік, боп шықты ең соңғысы, бірақ бұл.Бөле алмаймыз бүтінді, тірелдік сан ойларға. Ақырында екеуміз келдік мынадай байламға:

 

Әперсеңдер мұны егер бірімізге біреуің,Есептеңдер сол қыздың жауладым деп жүрегін.Елеңдесіп жігіттер, күлді бірі:-Расың ба?Сен айтқанды қостай ма жаныңдағы досың да?

 

Сарт еткіздім:-Досымды мен ешқашан сатпаймын.Именно, сен әперсең, тартудан мен қашпаймын.Деді құрбым-Молодец! Алар екен кім енді?Келді міне, көрер кез жүрек жұтқан шын ерді.

 

Тұрып қалды жігіттер бір-біріне қарасып.(Бұларда да көк тиын қалмаған-ау, шамасы.)Жетпестен еш қолымыз (көрсек те мың амал ғып.)Шымқалаға осылай орамалсыз оралдық.

 

Ақ орамал-ақ сағым.. Қала берді жырақта.Жиі-жиі түсімде көріп жүрдім бірақ та.Сынақ бітті. Ауылға қайтар кез де таяды.Есік қағып бір күні жігіт кеп тұр баяғы..

 

Қолында әсем қорап пен оралған шоқ гүлі бар.Гүл мақұл-ақ.. ал, қорап..Ұға алмадым сырын дәл.Қипақтап сәл тұрды да жібергендей ағаттық.

Тіл қатпастан ұсынды гүлмен бірге қорапты..Жәудірейді қос жанар дегендей-ақ «сырымды ұқ».Үнсіз қарап тұрды да кете барды бұрылып.

 

Ашқанымша қорапты жасадым сан жорамал.Ашқан кезде не көрдім? Баяғы ақ орамал!Баяғы ақ орамал, түрі де сол, гүлі де.Әдепкіде ұқпадым. Бұл сыйлықтың сыры не?

 

Еске түсті сәлден соң болған жайлар тізіліп.(Сөз бермеп пе ем сол күні шүберекке қызығып.)«Ер-азамат алдында ойланбай рас, сөз бердім.Бірақ бұлай өмірім өзгерерін сезбедім.

 

Сөздерімді қабыл ап (қалдырмастан бекерге),Сол күні Алла «әмин» деп айтып қойған екен де.Бағынбасқа шарам не бұйрығына Алланың,Көнемін де.. Көрермін тағдыр басқа салғанын»..

 

Міне, қайным, жеңгеңді солай алған бұл ағаң.Шүкір! Тәубе! Ағаңдай бола берсін бір адам.Орамалдың сыры осы, керек жағын аларсың.Ақынсың ғой, өлең ғып мүмкін мұны жазарсың?

 

Дедім күліп:-Жазамын. Қиын емес ол жағы…Дегенмен, бұл орамал.. бұл орамал.. сонда әлгі?..-Сол орамал, дәл таптың-деді жеңгем күлімдей.-Сол күнгі ісін ағаңның айта алмаймын сүйінбей.

 

Сол күні-ақ бұл пұл тауып, қайта Тәшкен тартқан ғой.Ақ орамал осылай бұл жеңгеңді тапқан ғой…Ақ орамал сол күннен келе жатыр басымда.Бұл ағаң да сол күннен томпаңдап жүр қасымда.

 

Жүрген әбден тозса да ақ жеңгемнің басында,Ақ орамал тым қымбат, асыл екен расында..

Ұқсас жаңалықтар

Алма Түсіпбаева — Сенің күлкің

Redaktor Site

Міржақып Дулатұлы

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz