Ауыл шаруашылығы министрлігі балық комитеті Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған үлкен стратегиясын жасап, жалпы саны 71 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр деп хабарлайды Qazyr.kz.
Еліміздің экономикасы екі үлкен бағыт қазба байлық өндірісі мен ауыл шаруашылығына негізделген. Бюджет бүйірін шикізат экспорты қампайтса, ауыл шаруашылығы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауылдағы адамдардың еңбекпен қамтылуының түп негізі. Ауыл шаруашылығы стратегиялық сала болғандықтан мемлекеттің басты назарында. Әрдайым қаржылай қолдап отырады.
Елімізде егін салу, мал бордақылау, бақша өсіру біршама жолға қойылған. Қазақ ата кәсібінен айрыла қойған жоқ. Алайда, елімізде теңіз және үлкен көлдердің аздығына байланысты кенже дамыған кәсіп – балық шаруашылығы. Ол өзіннің қарқынды даму жолына түсе алмай, баяу қарқынмен ілбіп келеді. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Ауыл шаруашылы министрлігі балық комитеті балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған үлкен стратегиясын жасап, жалпы саны 71 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Алдағы уақытта саланы өркендетуге мемлекет қаржысынан 268,8 млрд. теңге жұмсалмақшы. Еліміздің су айдындары балық өсіру үшін инвесторларға ұзақ мерзімге жалға берілетін болады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалиннің айтуынша балық өсіруді кәсіп қылып, саланы дамытуға атсалысамын деген инвесторларға салған қаржысын субсидия ретінде мемлекет төрттен бірін төлемекші. Қазір балық шаруашылықтарының салығы 70 пайызға төмендетілді. Сондай-ақ, инвестицияның – 25 пайызы, жем-шөптің 30 пайызы субсидияланады. Бұдан бөлек шабақтарды, аналықтарды сатып алуға жұмсалған шығынның 50 пайызы өтеледі. Мемлекет тарапынан көрсетілген көмек нәтижесінде, 2027 жылға қарай елдегі балық шаруашылықтарының саны 25 пайызға ұлғайып, 700 шаруашылыққа жетеді. Ал өсірілген балық көлемі екі жылда 30 мың тоннаға көбейіп, 50 мың тоннаны еңсереді.
«Мемлекет су айдындарындағы балықты молайтуды көздеп отыр. Ол үшін баланстағы кәсіпорындардың қуатын арттыру қажет. Соның арқасында балық шабақтарын өндіру көлемі артады. Мәселен бекіре шабақтары жылына 8 млн-ға ұлғаюы тиіс. Сондай-ақ, тұқы шабағын – 15 млн-ға, ақ балықты 100 млн-ға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Жалпы 2030 жылға дейінгі бағдарлама шеңберінде саланы цифрландыру, балық питомниктерін жаңғырту бойынша 16 іс-шараны жүзеге асыру күн тәртібінде тұр. Және осы іс-шаралар аясында су айдындары да бекітіледі. Бұдан бөлек тағы 340,5 млрд. теңге жеке инвестициялар бағытталады» — деді, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин.