Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қабылдауға келген азаматтардың арасында Сарқан ауданының тұрғыны Еркеш Денисламова қызының баспана мәселесімен жүгінді. Оның айтуынша, қызы тұрғын үй кезегінде 27-ші болып тұр. Яғни осы жылы мемлекеттік қордан пәтер алуға мүмкіндігі бар. Жоспар бойынша мамыр айына қарай Сарқан қаласында әрқайсысы 60 пәтерлік екі бес қабатты үйдің құрылысы аяқталады. Сөйтіп кезекте тұрған 120 отбасы, соның ішінде облыс әкімінің қабылдауына келген азаматтың қызы да жаңа пәтерге ие болады.
Ал 2013 жылдан бері тұрғын үйге кезекте тұрған Алакөл ауданы Үшарал қаласының тұрғын Өрік Отунчиноваға екі рет тұрғын үй ұсынылған. Бірінші ретінде азамат берілген пәтерден өзі бас тартты, кейін кезегі бойынша өткен жылдың тамыз айында ұсынылған пәтердің есігіндегі құлпы, плинтусы көңілінен шықпайтынын бұған дейінгі қабылдаулардың бірінде айтқан болатын. Оның шағымы ескеріліп, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша кемшіліктер жойылған, содан кейін Ө.Отунчинова аталған бір бөлмелі пәтердің құқық белгілейтін құжаттарын қолына алып, шартқа қол қойды. Ендігі өтініші, өңір басшысына мемлекеттік қордан берілген тұрғын үйге меншік құқығын ресімдеу мәселесінде көмек сұрайды. Осыған байланысты азаматқа тұрғын үй заңнамасының талаптары түсіндірілді. Яғни жақында енгізілген өзгерістерге байланысты жалға берілетін тұрғын үй енді қалдық құны бойынша жекешелендіруге жатады.
Талдықорған қаласының тұрғыны, көп балалы ана Гүлстан Абдуллаева облыс әкіміне бірнеше өтінішін жеткізді. Оған денсаулығы нашар қызының шетелдегі қымбат емінің ақысын төлеуге әлеуметтік көмек қажет, сондай-ақ үлкен қыздарының бірінің отбасы баспанасыз жүргеніне де көңілі алаң.
Облыс әкімі шетелдегі ем шараларының ақысын төлеуге қайырымдылық қорлары арқылы ғана көмек көрсетуге мүмкіндік бар екенін айтты. Осы ретте тілге тиек етсек, 2022 жылдан бастап бұл көп балалы анаға қоғамдық қорлар мен ұйымдар арқылы балаларын емдеуге 13,5 млн.теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілген. Тұрғын үй мәселесіне келсек, 2015 жылыдан бері үй кезегінде тұрған күйеу баласының қазіргі кезегі — 613-ші. Тұрғын үй заңнамасына сәйкес, кезек реті келген кезде бұл отбасыға мемлекеттік қордан баспана беріледі. Еске салсақ, Талдықорғанда тұрғын үй кезегінде 15 мыңнан астам адам тұр.
Қабылдауды қорытындылай келе, облыс әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындар көтерген барлық мәселелердің бақылауда болатынын атап өтті. Туындаған әлеуметтік, экономикалық, құқықтық және тұрмыстық мәселелер жауапты тұлғалар тарапынан заң аясында қарастырылып, шешілетін болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жеңіс Ысқабай