Егер қайтадан бірінші курс студенті болсам, қандай қателіктерді жасамас едім? — Бірінші курс студенттеріне кеңестерді ұсынамыз.
Жатақханаға немесе пәтерге түскен күні міндетті түрде сенімен бірге тұратын қыз-жігіттермен таныс. «Атың кім болады?», «Қай жақтан боласың?», «ҰБТ-ны қалай тапсырдың?» және т.б. «Кейін танысармыз» деп танысып-білісу сәтін кейінге қалдырып жүрме. Ертесі сен шамалап кімнің кім екенін, кім қандай екенін, кіммен бірге жүруге болатынын және т.б. білетін боласың. Сөзіме сен, бұл маңызды.
Алғашқы күндерден оқуды қалдырмай, сабақтарға белсенді қатыс. Сабақ үстінде мұғалімдерге тақырыпқа қатысты сұрағыңды қойып отыр, сабақ процесіне белсенді аралас, сабақ аяқталғаннан соң қосымша сұрақтарың болса, қорықпай мұғалімнің жанына барып сұра, cонымен қатар, БӨЖ (білім алушының өздік жұмысы) берсе, қалдырмай орында. Не үшін? Өйткені алғашқы әсердің маңызы зор, мұғалім сені ыждағатты студент ретінде есінде сақтап қалады. Өмірде түрлі жағдайлар болып тұрады. Сен жұмыс істеймін деп оқуға көңіл бөлмей кетуің мүмкін. Сонда емтихан күндері аз дайындықпен келіп, тапсырсаң да, саған тапсыра алмаған басқа топтастарыңа қарағанда анағұрлым жоғары баға қоюы мүмкін. Айтқаныма сен. Егер мен бұны сабақ басталмай жатып ескергенімде, бірінші курс анау айтарлықтай қиын болмас та еді.
Босаңсыма. Ата-анасының қанатынан шығып, басқа қалаға оқуға кеткен көптеген студенттер еркіндікті сезініп, ойына келгенін істеп, жаман әдеттерге бой үйретіп жатады. Қаншама таныс қыз-жігіттер жаман әдеттерге үйір болды десеңші! Біреуі, мектепті үздік бітірген жігіт, кейін жоғары оқу орнындағы еркіндікті сезді ме, алкоголь сусындарын ішіп бастады. Соңы жоғары оқу орнынан шығарылып, қазір дүкенде сатушы болып жұмыс істеп жүр. Ал тағы бірі «өмірімде темекі шекпеспін» деген адам еді, ал қазір аузынан темекі түспейді. Қысқасы, «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ деп босаңси көрме! Жаман әдеттерден аулақ бол!
Егер ата-анаң саған ақша жіберіп тұратын болса, оны ақылмен жұмса. Айына өзіңе қалыпты жүріп-тұруға, өмір сүруге шамамен қанша қаражат керек екенін анықта. Әрине, қаражат жетіспей қалатын күндер болады, бірақ бұл ақша қолға түскен күні жұмсап тастауға қарағанда жақсы.
Бейтаныс қалада түнге жақын тентіреме (иә! мама дұрыс айтады). Қайтадан өмірлік тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Көптеген студенттер өздерін түнге жақын қалада серуендеуге жеткілікті ересекпіз деп ойлайды, бірақ жергілікті бұзақылар мен сотқарлардың басқаша ойлайтыны айдан анық.
Жоғары курс студенттерімен таныс, қарым-қатынас жаса. Олардан университеттегі оқу, мұғалімдер жайлы сұрап ал. 1-2 курста қандай пәндерге көңіл бөлу керек? Қандай пәндерге онша көңіл бөлмеуге болады? Қандай пәндерді қатал мұғалімдер береді? Қысқасы, олар бұдан сеннен бұрын өткен, сондықтан олардың тәжірибесін біліп, жасаған қателіктерін қайталамауға тырыссаң болады.
Ең бастысы, өз мақсаттарыңды ұмытпа. Әрине, бейтаныс қала, жаңа орта, топтастарыңмен көңіл көтеру және т.б. жақсы, бірақ сен мұнда не үшін жүргеніңді ұмытпауың қажет. Алғашқы күндерден жоғары оқу орнына не үшін келгеніңді, мақсаттарың қандай екенін есіңнен шығарма.
Сонымен, жаңа оқу жылының басталуына да бір апта+ уақыт қалды. Бұл жазба бірінші курс студенттеріне ескертуім болсын. Бұл оқу жылын сәтті бастап, аяқтаңдар!