Бүгін міне он бесінші қыркүйек,
Сен де болдың өлеңіме бір тиек.
Алматыдан туған жерге оралдым,
Қоржыныма Алатаудан жыр тиеп.
Бұл қоржыным ауыр ма, әлде жеңіл ме,
Жеңіл жүкті көрген жоқпын өмірде.
Бір жақсысы алған сайын толатын,
Көзі бар-ау, көзі бар-ау түбінде.
Енді асықпай жыр қоржынды ашайын,
Шамам келсе жырдан шашу шашайын.
Алатаудың ақ мақтадай қар-тасын,
Жүрегіңе аппақ мөр қып басайын.
Тау етегі бұлттан зәбір шеккен күз,
Жаурағаннан жаңа дір-дір еткенбіз.
Мына жақта күн жарқырап тұр екен,
Себебі біз бұлттан да асып кеткенбіз.
Айбек Қалмағанбетов
15-09-2022