Бұрындық хан билікке қалай келді
Бұрындық — Керей ханның үш ұлының бірі. Оның қай кезде дүниеге келгені белгісіз, шамамен, 1430-1510 жылдары өмір сүрген. Ол жас кезінен Қазақ хандығының қалай құрылғанын көріп өсті. Жәнібек ханның тұсында қазақтың қалың әскерін бастап, алғаш Әбілқайырдың ұлы Шейх Хайдарға, одан кейін Әбілқайырдың басқа баласы Шах Будақтың ұлы Мұхаммед Шайбаниге қарсы күресте ерекше ержүректігімен көзге түсті. Ал әз Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін билікке келді.
ХІ-ХІІІ ғасырларда ерте феодалдық қыпшақ мемлекеттілігіне ғана тән белгі болды. Ол хандық биліктің әкеден балаға емес, әкеден немере туысқа не ініге берілуі. Бұл дәстүр сырттан келген жоқ. Қыпшақтарға дейінгі және қыпшақтар кезіндегі жергілікті тайпаларда жасы үлкенді сыйлаудан, соған құрмет көрсетуден туындады деген болжам бар. Ал моңғол шапқыншылығы нәтижесінде хандық билік әкеден балаға қалдырылатын заңға айналды. XV ғасырда моңғолдар енгізген бұл жолды жергілікті халықтың әдет-ғұрпы ығыстырып шығарады. Оған Керейдің хан болып сайлануы дәлел.
Әбілқайыр ханға дейін Дешті Қыпшақтың билеушісі Барақ хан болған. Моңғол дәстүрі бойынша келесі хан оның ұлы Жәнібек болуы тиіс. Дегенмен жергілікті халық дәстүріне сай келесі билік Барақтың немере туысы Керейге тиді. Ал Керейден соң оның ұлына тимей, Жәнібек хан болды. Дәл осы жолмен жас жағынан ең үлкені Керейдің ұлы Бұрындық хан болып сайланды. Оның тұсында Қазақ хандығы Сырдария өзенінің бойындағы ежелгі қазақ қалалары — Түркістан, Отырар, Сауран және тағы басқа шаһарлар үшін шайқас жүргізді, бұл күрес ұзақ уақытқа созылды.