CONNECTED-2024 конференциясы аясында стартаптар көрмесі мен халықаралық конкурс өтеді.Startup Battle конкурсына өтінім беру 4 қазан күні аяқталады.Бұл туралы Qazyr.kz хабарлайды.
CONNECTED-2024 конференциясының бағдарламасы маңызды детальдармен толықтырылуда. Іс-шара бағыттарының бірі бойынша EdTech and Impact Entrepreneurship (білім технологиялары мен импакт-кәсіпкерлік) атауымен бірнеше алаң ұйымдастырылмақ. Ол жерде қатысушылар өздерінің жобаларын ұсынып, қаржылық қолдау ала алады. Конференцияның бұл бағыты құбылмалы қоғамдағы білімнің маңыздылығы мен пайдасына арналады.
Speed Pitching аясында Қазақстандық білім саласындағы стартап авторлары жобаларын ұсынып, оны ары қарай дамытуға грант ұтуға мүмкіндік алады. Питчинг әйгілі «Голос» жобасына ұқсас ерекше форматта өтеді.
Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның ең батыл әрі амбициялы EdTech-стартаптары да Startup Battle конкурсына қатыса алады. Бұл конкурсқа да қаржылай жүлде қойылған. Қазіргі уақытқа дейін Қазақстан, Өзбекстан, Эстония, Қырғызстан, Әзірбайжан, Польша, Грузия елдерінің жоба авторлары өтінім жіберіп үлгерді. Өтінім беру 4 қазан күні аяқталады
Сонымен қатар Орталық Азия мен Шығыс елдерінің EdTech-стартаптары қатысатын Startup Alley көрмесін өткізу жоспарланған.
«Қазіргі уақытта білім саласында инновациялық сандық шешімдер мен тәсілдер ұсынатын стартаптарды іздестіріп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – жобасын жаңа бастаған кәсіпкерлерге әлемдік деңгейде өздерін ұсынуға мүмкіндік беру, жобаларын ары қарай дамыту үшін инвесторлардан қолдау алуға көмектесу» — дейді кәсіпкер, IMPRO және әлеуметік AMAN стартапының негізін қалаушы, Ed Tech and Impact Entrepreneurship продюсері Аружан Меде.
Бұл бағыт келесі панельдік сессияларды қамтиды:
«Impact-инвестициялар: әлеуметтік өзгерістерге қаржы тарту», «білім саласындағы Жасанды Интеллект: автоматизациядан жекелендіруге дейін», «Менторлық және стартаптарды қолдау: EdTech-тегі акселераторлар мен инкубаторлардың рөлі»
Impact-инвестициялар экономиканың тұрақты дамуына қалай әсер етеді? Акселераторлар мен инкубаторлар өз бағдарламаларын EdTech стартаптарының қажеттіліктеріне қалай бейімдей алады? Жасанды интеллекттің білім берудегі ең маңызды үлесі қандай?
Осы және басқа да сұрақтардың жауабын EdTechand Impact Entrepreneurship жұмысына қатысатын жергілікті және халықаралық сарапшылар іздейді. Олар:
Юнес Бенсуда Мурри, Стэнфорд университетінің ЖИ бойынша профессоры, ЖИ бойынша курстардың авторы (АҚШ)
Рон Имминк, позитивті футуролог, реинновация бойынша маман, автор, спикер, тренер (Испания)
Ягиз Карадениз, DOMINO Ventures басқарушы директоры (Түркия)
Искандар Курбонов, Plug&Play венчурлық талдаушысы (Өзбекстан)
Диана Райан, HP Орталық Азиядағы бизнесті дамыту жөніндегі директор (Қазақстан)
Павел Коктышев, MOST холдингінің басқарушы серіктесі (Қазақстан)
Әлім Хамитов, MOST Ventures бас директоры (Қазақстан)
18-19 қазанда Қазақстан астанасында «CONNECTED-2024: Келешек бейнесін пайымдау» халықаралық конференциясы өтеді. Конференция ашық (18 қазан) және жабық (19 қазан) сессияларды қамтитын аралас форматта жоспарланған.
Конференция тек форматымен ғана емес, идеологиялық мән-мағынасымен де ерекшеленеді. Іс-шара идеясының авторлары атап өткендей, CONNECTED-2024 бағдарламасының басты мақсаты болашақтың бейнесін құндылықтарды бағалау арқылы түсінуге бағытталған. Ұйымдастырушылар болашаққа мәдениеттер мен философиялардың, технологиялар мен инновациялардың, табиғатпен өзара үндесудің дүниетанымы призмасы арқылы қарауды ұсынады.
Қазіргі заманның негізгі сын-қатерлері мен мүмкіндіктерін талдау үшін конференция бүкіл әлемдегі өзгеріс агенттерін – жаһандық құндылықтарды дамытып жүрген, сондай-ақ білім мен тәжірибені саналы түрде қолданудың маңыздылығына сенетіндерді біріктіреді.
Іс-шара бағдарламасына спикерлер ретінде Нобель сыйлығының лауреаттары, ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, жазушылар, әлемнің жетекші EdTech компанияларының негізін салушылар мен өкілдері қатысады. Сондай көзқарастағы жандар жаһандық нарротивтер арқылы болашақтың бейнесін қалыптастырады.
Айта кетейік,конференцияға 20-дан астам елден 2000-ға жуық өкіл қатысады деп күтілуде.