Бұл туралы Мәжілісте әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылау кезінде депутат Дәулет Мұқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қазір қарасақ, жемқорлығы жоқ сала жоқ. Бала дүниеге келгеннен бастап қайтыс болғанға дейін сүйемелдейді. Мысалы, Алматыда өле қалатын болса таудың маңайы, Кеңсайдың маңайы дейді. Бала дүниеге келсе жақсы дәрігер, перзентхана керек деп іздейді. Бала әр кезеңде балабақша, мектеп, университетке барады. Одан кейін үйленіп отбасы болғанда үй керек. Үйдің кезегі келеді. Осылардың барлығына жұмысқа орналасу керек. Әсіресе маған Қызылорда мен Шымкенттен хат көп келеді. Жай ғана еден жуушы болып орналасу үшін 500 мың теңге сұрайды. Мұғалімдердің ставкасы 1-1,5 млн теңге болып кеткен. Осындай хаттар келгенде Антикорға хабарласыңыз деп 1424 нөмірін беремін»,– деді Мұқаев.
Депутат осы желінің жұмысындағы алгоритмі қандай екенін сұрады.
«Жемқорларға қатысты хабар бергендерге сыйақы беріледі. Осы жайлы да айтып беріңізші. Жемқорлықпен халық болып күресейік», — деді Мұқаев Антикор өкілі Саян Ахметжановқа.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов қазіргі таңда Антикор өңірлік департаменттермен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
«1424 желісі тәулік бойы істейді. Тікелей қылмыстар мен тәуекелдерге байланысты хабарламалар да осыған кіреді. Әр қалада департаментте күнделікті қабылдау жүргізіліп жатыр», — деді ол.