Мәдениет

Дін мен ұлтшылдық сияқты нәрселер теріс мақсатта қолдануға өте қолайлы

Осыдан 40 жылдай бұрын Түркияда ата бабамыздың діни құндылықтарын қорғаймыз деген сияқты айдармен, түрік халқының байырғы ата-баба салтын құрметтеу деген науқан басталған болатын.
Алайда оның бәрі жеке адамдардың, әсіресе қыздар мен әйелдердің жеке өміріне араласу, олардың ерік-қалауларын шектеу, еркіндіктерін тарылту, мүмкіндіктерін азайту екенін бастапқыда көп адам байқаған жоқ.

Қыздар мен әйелдер бірдеңе істесе болды, оның бәрін “мынауың дінге қайшы!”, “ата-бабамыздың жолына жат!”, “оңбаған қыз!”, “мынау жезөкше!” дегендей сыртынан мөр басып, көрші-қолаңның алдында табалап, жаманатты етіп, қаралап жүргендер пайда болды, олардың қарасы жыл өткен сайын көбейді. Оның бәрі бір күнде, бір жылда болған жоқ, бірте бірте, әсте әсте болды, бірақ үздіксіз жалғаса берді, тамшылап тамшылап көл болды, сондықтан жұрт байқамай қалды, зиялы адамдар мен зайырлы халық заңға сеніп, мемлекет институттарына сеніп, армияға сеніп т.б. бейқам жүрді.

Бұл сценарий көптеген мұсылман елдерінде жүргізіліп жатқан саясат, ұсақ-түйек айырмашылықтары болғанымен, көздеген мақсаты бір, амалы ұқсас, қолданған кейіпкерлері мен құндылықтары ұқсас.

Мұсылман елдерінің әлемдік өркениетте кенжелеп қалуы үшін, дамуын бөгеу үшін жасалған ба деп ойлаймын.
Егер мұсылман халықтары білім-ғылым прогресс жолын қуып, даму мен ілгерілеу жолында болса, қыздарды оқытып сауатты мамандар етсе, көздерін ашса, өз қажеттерін өздері қамсыз ететіндей өндірісі болса, технология өндірсе, инновация жағынан алға озса, ешкімге мұқтаж болмаса, отарлаушы империалист елдердің оған «қуанбасы» анық. Сондықтан, мұсылмандарды ескіліктің керітартпа қараңғылықтарына айдап салған ең тиімді әдіс еді олар үшін. Дін мен ұлтшылдық сияқты нәрселер теріс мақсатта қолдануға өте қолайлы болғандықтан, олар осы екі тамырдан кірді, осы екі жолды өте шебер пайдаланды. Қоғам өзінінің дамуына өзі қарсы тұратындай етілді…

Әйелдерді мансұқтау қоғамның ең кемінде 50% құрайтын адами капиталдан мақұрым болу деген сөз. Қыздарды оқытпай, сауаттандырмай үйге қамап қойғанда сіз бірден халықтың жартысының интеллектуалды және экономикалық күшінен жұрдай боласыз. Сол 50% адам бірден тұтынушы, әлсіз, мұқтаж, тәуелді жандарға айланады. Патриархаттық культ терең орныққан елдерде бұл тиімді әдіс. Діннің де осы мақсатта қолдануға ыңғайлы элементтері бар, әрине дініміз бен ұлттық руханиятымызда әйелдердің құқықтарын дәріптейтін тұстары да жеткілікті, бірақ олар осыларды аса көп айта бермейді. Көше-базар қысымын жасау үшін, махалла тұрғындарының әлеуметтік бақылауы мен әлеуметтік қысымы үшін ең бір қатыгез, ең бір әсірешіл ережелер мен үкімдер қолданылады.

Мұсылман елдерінің көбінің соңғы 50 жылда зайырлылықтан, демократиялық құндылықтардан бірте бірте алшақтап кеткенін байқау еш қиын емес. Ол үшін 1950 жылдардағы Пәкістан мен бүгінгі Пәкістанға қараңыз. Пәкістан зайырлы мемлекет болып құрылып еді, Жиннаһ және Икбал сияқты мемлекет қайраткерлері прогрессшіл, зайырлы адамдар еді, олар шариғат жүйесін орнатқан жоқ. Ал әзіргі Пәкістан сол Пәкістан ба?!? Египетке қараңыз, осыдан 50-70 жыл бұрынғы Египет бен осы күнгі Египет бір ме?! Радикализация анық айқын көрініп тұр ғой. Түркия да солай, Ататүрік орнатқан зайырлы ұлттық мемлекет қатты өзгеріске ұшырап кетті, діни әсірешілдік пен діни өктемшілдік мемлекет пен қоғамның барлық саласына иелік етіп жатыр. Алжир, Малайзия, Иран, Морокко тб елдерге қараңыз, бәрі де ұқсас сценарийлермен транформациялық регреске ұшырады. Осы операциядан өткен елдердің бұрынғы қалыптарына қайта оралуы екіталай…

Қорыта айтарым, осы болған уақиғалардан лайықты дәріс алып, тиісті қорытындыларды шығарғанымыз жөн. Қазақстан тек қана даму жолында, өсу жолында, гүлдену мен ілгерілеу жолында болуы тиіс, босқа өткізетін бір күніміз де жоқ, босқа жіберетін бір адамымыз да жоқ. Жеріміз үлкен, жан санымыз аз. Сондықтан, еркек әйел деп бөліп жармай, барлық азаматтарымызды ең сапалы біліммен оқытып, ең сапалы мамандарға айналдырып, елдің дамуына үлес қосуына жағдай жасауымыз шарт. Әсіресе, қыздар мен әйелдерге толық жағдай жасалып, олардың өз потенциалдарын жүзеге асыруларына мүмкіндік беруіміз керек. Қоғамның дамуына олардың қоса алатын үлестері орасан зор, соны ескерейік! Патриархаттық өктемшілдік, қоғамдық қысым, әлеуметтік бопсалаушылық, психологиялық жаншу әдістері бізге керек емес, лайықты да емес. Ағайын, сіздер де қарап жатпай, өз еркіндіктеріңіз бен діни құқықтарыңыздың жоқтаушысы болыңыздар, әзіргі заңдарымыз сіздерге толық мүмкіндік беріп тұрғанда.

Автор: Мұртаза Жүнісұлы

Ұқсас жаңалықтар

Журналист,тележүргізуші Бейсен Құранбектің 8 қағидасы

redaktor_qazyr

Мағжан Жұмабаев — Жарым

Redaktor Site

Ілияс Жансүгіров: далада пара бермейінше,бірде бір шаруаңды бітіре алмайсың

redaktor_qazyr

Пікір жазу