Менің елім
Көкірегімнің үміті мен тілегі
Күй боп түлеп, күн боп шығып күледі.
Күн астында көк төбелер түледі —
Менің елім, менің елім — гүл елі!
Айтпағым бір ағыл-тегіл сыр еді —
Шежіреңе ол өлең болып кіреді.
Мендегі өнер сен деп өмір сүреді
Менің елім, менің елім — жыр елі!
Қанат қомдап таң атқанда шығыстан
Торғайым бар қыраныңмен бір ұшқан.
Жүрегім бар жүрегіңмен ұғысқан,
Менің елім, менің елім — гүлстан!
* * *
Салқындап саясында самал-көлдің,
бұла өскен баяғыдан балаң менмін.
Сіміре саумалыңды, бұл жолы да,
Сабылып, сағымды өлке, саған келдім.
Тағы да топырағыңда жаңарды ізім,
Сен десем бал-бұл жайнап жанар жүзім.
Бір пейіл,
бір ықылас — қолда бары,
әкелген базарлығым — сол болады.
…Тікенге балтырымды талатып ем,
ал қазір дала барқыт, дала — кілем.
Кетіп ем сол даладан шыбық мініп,
Оралдым бір талаптың қанатымен.
Сырым бар тереңімде көрінбеген,
жырым бар шебер қолмен өрілмеген.
Әйтеуір біреуімін көп балаңның
өзінді елім деген, жерім деген!
Жұмекен.Нәжімеденов