Qazyr.kz порталы
Қазір

Энергетикадағы әулеттік дәстүр: Мақсутовтар әулетінің 100 жылдық еңбегі

2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл бастама қоғамда еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға, кәсіби әулеттердің тәжірибесін дәріптеуге бағытталған. Елімізде осындай еңбек әулеттерінің бірі – энергетика саласында табанды еңбегімен танылған Мақсутовтар династиясы.

Мақсутовтар әулетінің энергетика саласындағы тарихы 1995 жылы басталды. Сол жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылынан шыққан Бейбіт Мақсутов Алматыға келіп, ЖЭЦ-2 станциясына жұмысқа орналасады. 21 жасар жігіттің бұл таңдауы кездейсоқ болған жоқ – оған үлгі көрсеткен туысы, тәжірибелі энергетик Исахан Сырғабаев еді.

Бейбіт алғашқы күннен-ақ еңбек жолын қарапайым слесарь болып бастады. Уақыт өте келе ол білімін толықтырып, колледж бен университет бітірді. Қазіргі таңда Бейбіт Мақсутов – Алматыдағы ЖЭЦ-1 станциясының котельдік цехының бастығы. Ол 30 жыл ішінде барлық сатыдан өтіп, әрбір қадамды еңбегімен, табандылығымен және үздіксіз үйренуге деген ұмтылысымен бағындырды.

1996 жылы Бейбіттің ізімен энергетикаға ағасы Рашид Мақсутов келді. Қазір ол ТЭЦ-2 станциясында турбиндік цехта аға шебер. Оның ұлдары да әке жолын жалғады. Ғалымжан Мақсутов бүгінде ЖЭЦ-1-де турбиндік цехта машинист болып еңбек етуде.

Ринат Мақсутов – ЖЭЦ-1 станциясының турбиндік цехы жөндеу бөлімінің басшысының орынбасары;

Бақыт Максутов – ЖЭЦ-2 станциясының котельдік цехында машинист.

Әулеттің қыздары да бұл салада қызмет еткен. Әрқайсысы еңбекпен шыңдалып, тәжірибемен өсіп, өз ісінің нағыз маманына айналды.

Мақсутовтар әулетінің әңгімесі – бұл ең алдымен адал еңбекке, төзімділікке және үздіксіз білім алуға деген құрмет. Олар үшін энергетика – тек мамандық емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өмірлік іс.

Олардың айтуынша, энергетикадағы басты құндылық – еңбекқорлық пен жауапкершілік. Мұнда ешқандай туыстық байланыс көмектеспейді, тек тәжірибе, білім және кәсібилік қана алға жетелейді.

«Қай салада жұмыс істесең де, адал еңбектен, табандылықтан, білім алудан ешқашан қашпа. Сонда ғана өз орныңды табасың».

Бүгінде Мақсутовтар әулетінің энергетикадағы жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асады. Бұл – тек бір отбасының тарихы ғана емес, Қазақстандағы еңбек әулеттерінің қоғамға қосқан зор үлесінің айқын көрінісі.

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Ақмола облысында мүгедектігі бар мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қорғалды

redaktor_qazyr

Балық шаруашылығы: ұйқыдағы алыпты инвестициялар мен мемлекеттік субсидиялар оята ала ма?

admin_qazyr

Қазақстанда газ саласы дамып, цифрландыру қарқын алуда

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz