Есенғали Әбдіжаппарұлы 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстан жерінде өмірге келген. Кейін Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылында мектеп бітіріп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін тамамдаған.
Оның қаламынан туған «Бастау», «Келінтөбе», «Шолпан жұлдыз туғанша», «Ғайша бибі», «Қара бауыр қасқалдақ», «Періштелер мен құстар», «Бозаңға біткен боз жусан», «Құстар біздің досымыз», «Амал деген айыңыз» кітаптары әдебиеттің жаңа сөзі ретінде бағаланып, қазақ өлеңінің жаңа сапалық деңгейін айшықтаған шығармалар болды.
«Жалын» және «Арай» журналдарында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, «Білім және еңбек» («Зерде») журналының бас редакторы қызметтерін атқарды. Ұзақ жылдар «Жазушы» баспасының директоры болды.
Өзбек классигі Хамза Ниязидің өлеңдерін, орта ғасырлық тарихи-танымдық жәдігер «Темір жарғыларын» қазақ тілінде сөйлетті.
Сонымен қатар ақын өлеңдері ағылшын, француз, неміс, араб, қытай, испан, орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылды.
Дереккөз: “Ана тілі” газеті