Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Есенқұл Жақыпбек

Танымадың, бұл күнде жырақтасың,
Ұмытыппын атыңды, кластасым.
Бажайлап бір қарашы, байқадың ба,
Бала күнгі едім ғой мұраттасың.

Еске түсіп достардың асыл әні,
Танып мені көңілің тасыр әлі.
Біздер ек қой кешегі Бірліктегі
Бір көктемнің гүлдеген жапырағы.

Ұмытыппын, кешір, дос, есіміңді,
Есенқұлда ес бар ма осы күнгі?!
Тарам-тарам өмірдің жолдарында
Тағдыр бізге жазбапты қосылуды.

Тұнжырадық несіне сияқты күз,
Ұмытыппыз бәрін де, ұяттымыз.
Сыралғы дос, сыр да ескі, жолдас емес,
Сырттан келген туристер сияқтымыз.

Ұлардайын шулайтын сары күзде,
Ұмыт бопты-ау, уыз шақ, бәрі мүлде.
Басы қырау ағайлар жүрген шығар
Балалармен бала боп әлі күнге.

Екіліктің алатын күнде бірін,
Енді міне, сол мектеп — ізгі өмірім.
Оқырманым қоятын өз бағасын,
Өлең-жырым — қазіргі күнделігім.

Сыр айта алмай сағыныш, мұңым жайлы,
Шағала-жыр жарқ ұрып шуылдайды.
Ел алдында екілік алардай-ақ.
Екі бетім күнде бір дуылдайды.

Абайлап бір қарашы, өрістесім,
Сырт айналдың сырбазсып теріс несін?
Баданадай көзіңнен көріп тұрмын
Бала күннің баяғы періштесін.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Абай Құнанбаев — Күз

redaktor_qazyr

Міржақып Дулатов — Таршылық халіміз хақында аз мүнәжат

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz