Етеккір — әйел адамдардың жатырының эндометрий қабатының жаңару процессі. Ол жыныс мүшелері жетілген кезде басталып, климакстық кезеңге дейін созылатын, шамамен, ай сайын қайталанып отыратын етеккір циклінің бірінші бөлігі. Етеккір мерзімі/циклі деп менструацияның бірінші күні мен келесі етеккірдің алдындағы соңғы күннің аралығын атайды. Етеккір мерзімінің ұзақтылығы үш аптадан бастап, 60 күнге дейін баруы мүмкін. Етеккірдің аты «кір» болғанымен, онда тұрған кір не ұят ештеңе жоқ. Социалды және эмоцианалды тұрғыдан қарағанда, етеккірге ұят пен стигма қою, әйел адамға жаман әсерін тигізеді.
Алғашқы етеккір көбіне 13—15 жас аралығында келеді. Оның келуіне дейін балаларға жан-жақты түсінік беріп, алдын-ала дайындау керек. Әдетте етеккір белгілі бір уақыт өткен соң (3—5 апта) қайталанып, әркімнің организм ерекшелігіне қарай 3 күннен 7 күнге дейін созылады. Кейбір қыз балалардың етеккірі (әсіресе ол тым ерте келсе) арада 1—2 жыл уақыт өткен соң барып бір жүйеге түседі. Етеккірдің келу уақытының ауытқушылығы ішкі секреция бездері қызметінің бұзылуына байланысты. 15—16 жасар бойжеткеннің етеккірі келмесе, жыныс мүшелерінің кешеуілдеп даму себептерін анықтап, тиісті ем тағайындау үшін бойжеткен міндетті түрде әйелдер консультациясындағы дәрігерге көрсетілгені жөн. Етеккірдің келуі көпшілік әйелдердің жалпы жағдайының өзгеруіне әсер етпейді. Әйел етеккірі келген кезде сезімтал болуы мүмкін, іші бұзылып, жүрегі айниды, белі ауырады, алайда әйел адамдардың тек 5-8 % ғана көңіл-күй және денсаулық өзгерісіне (PMS) шалдығады .
Етеккір циклы мен жүйелілігінің бұзылуы ағзадағы кейбір өзгеріске байланысты болады. Бұл өзгерістің себебін анықтау үшін әр әйелдің етеккірі келетін мерзім мен оның созылу ұзақтығын белгілеп отырғаны жөн. Етеккір күндерін арнайы күнделікте белгілеп тұрса, ол басталатын уақытты алдын ала біліп тұруға болады. Әйелдерге мұндай күнтізбе қай кезде жүкті бола алатынын және келесі етеккірдің келу мерзімін неғұрлым дәл есептеуге көмектеседі. Дегенмен, әр әйелдің етеккір мерзімі өзгеше болғандықтан, оның тұрақты болмауы да мүмкін. Етеккір келген кезде әйел қатты ауырсынып, қан көп кеткен болса, дәрігерге қаралғаны дұрыс. Гинекологиялық ауруларды болдырмау үшін етеккірі келген кезде кейбір арнайы гигиеналық ережелерді сақтау шарт: күніне кемінде екі рет жыныс органдарының сыртын қайнаған жылы сумен жуу керек. Бұл үшін қол таза болып, тырнақ қысқа етіп алынғаны жөн. Жыныс органдары сыртының таза болмауы қабыну процесін туғызып, оның қынапқа және ішкі жыныс органдарына таралып кетуі мүмкін.
Қазіргі кезде етеккірге арналған негізгі бірнеше гигиена құралдары бар: дәкеден жасалған гигиеналық төсемдер, тампондар, арнайы шолақ дамбалдар және «айлық кеселер». Төсемдер мен арнайы шолақ дамбалдарды — сыртқы, ал тампон мен «кеселерді» ішкі/қынаптық деп екіге бөлуге болады. Төсемше мен тампон жалғыз реттен қолданылатын өнім болса, денеге жағымды материалдан жасалған, арнайы шолақ дамбалдарды суық сумен жуып, ал «айлық кесені» жуып-қайнатып, ай сайын қолдануға болады.
Қыздардың екі аналық безінің әрбірінде мыңдаған аналық жасуша бар. Жыныстық жетілу кезеңі аяқталған соң, ай сайын аналық жасушалардың біреуі пісіп жетіліп, аналық безде өнеді. Овуляция деп аталатын осы процесс етеккірге 14 күндей уақыт қалғанда болады. Егер аталған аналық жасуша сперматозоидпен “кездеспесе”, ол құрып, жойылады. Ай сайын жүктілікке дайындалған жатырдың ішкі қабаты қалыңдап, жұмсарады. Денеңіз ұрықтанудың болмағанын сезінгенде, аналық жасуша мен жатырдың ішкі қабаты етеккір (менструация) атты қанды сұйықтық түрінде қынап арқылы денеден шығарылады. Әрине, аналық жасушаны, ол өте ұсақ болғандықтан, аспапсыз көзбен көруге болмайды. Гормондық өзгерістер көңіл күйіне өз әсерін тигізеді. Кейде, овуляция барысында, өзіңізді жігерлі сезінсеңіз, етеккірдің алдында кейде жыламсырап, қит етсе ашуланып, не ызаланып алуыңыз да мүмкін. Емшегіңіз ісіңкіреп, бетіңізге безеулер шығатын да уақыт болады. Етеккірі келетін әр әйел теориялық тұрғыдан бала көтере алады. Ал әйел елу жасқа жақындағанда, етеккірі тоқтап, менопауза деген мерзім басталады. Осы уақыттан бастап, әйел екіқабат бола алмайды. Етеккірге жанға бататын сырқат қабаттасса немесе сол адамды басқа да мәселелер алаңдатса, дәрігермен, әлде Жанұяны Жоспарлау Қауымдастығы өкілімен ақылдасқан абзал.
Хайыз, Етеккір — әр айдың белгілі күндерінде әйел адамдарда пайда болып, кейбір ғибадаттарға кедергі жасайтын қан. Хайыз Имам Ағзам мазһабы бойынша, шамамен 9 жастан 55 жасқа дейін жалғасады. Хайыз болған әйел намазы мен оразасын дереу доғарады. Бірақ оразасының кейін қазасын ұстайды. Хайыз күндеріндегі намаздарының қазаларын «жеңілдік қағидасына» байланысты өтеуінің қажеті жоқ. Хайыздың ең аз мерзімі — үш күн. Ең көбі — он күн. Бұдан төмен, жоғары болса үзір қайы деп саналады. Хайыз қайы — Аллаһтың әйелдерге жазғаны. Хазіреті Хауа анамыздан бастап әрбір әйел хайыз жағдайында болады.