…Жылап келем, түсімде жылап келем,
Ұйқаспаған екі жол –
жылатты өлең.
Бір заматта бұлдыр түс өңге айналса —
Мен ғайыптан шашбаулы шуақ төгем.
Қашып келем бейтарап, қашып келем,
Бәсіремді байқаусыз, шашып, төгем.
Ұл туамын деймін де, жыр туамын –
Құрсағыма ақ сәуле шашыпты өлең…
Көзелерге құйылып жыр несібем,
Орын тептім ойлы аспан іргесінен.
Құсжолында жолығып,
Алтын пырақ –
Қара түннің қойнына бірге сіңгем.
Нама жазғам, хұснихат –
жұлдызға арнап,
Ақ жанымды қарыды түнгі ызғар бақ.
Арманы жоқ пенделер жұмақта жүр –
Арманы көп адамды жүрміз алдап…
Жұлдыз ғұмыр.
Жарқырап жанғаны бар,
Сөнгені бар…
Бәрі де таңға құмар…
Кім біледі…
жап-жарық Шолпанның да –
Көк аспанға айтпаған арманы бар…
…жылап келем,
мен неге жылап келем?
Ұйқаспаған екі жол – жылатты өлең…
Автор: Гүлбақыт Қасен