Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Гүлнар Демеуова-Бақыт деген

Бақыт деген күнделікті таң атқан,
Көзіңді ашып шартарапқа қаратқан.
Бақытың сол – түнде жатқан ұйқыдан,
Аман-есен ояндырса Жаратқан.

Бақыт деген ата-ананың аманы,
Бақытына балайтұғын баланы.
Жатса-тұрса перзентінің қамын жер,
Қабыл болар дұға-тілек амалы.

Бақыт деген бауырыңның бүгіні,
Аман болып, оңды болса күтімі.
Бақыттысың ажырамай берекең,
Бауырлардың түзу шықса түтіні.

Бақыт деген сәбиіңнің тәтті үні,
Уайымсыз, қайғы-мұңсыз шат күні.
Ата-ананың қамқорлығын сезінсе,
Еселенер бақыты мен шаттығы.

Бақыт деген жайнаған қос жанарың,
Кереметін көру дархан даланың.
Бақыт деген тұла бойдың саулығы,
Сергек сезім, тұнықтығы сананың.

Бақыт деген Алла берген өмірің,
Өзгелерге демеу болар өр үнің.
Бақыт сені айналсоқтап кете алмас,
Тау суындай таза болса көңілің.

Ұқсас жаңалықтар

Ақберен Елгезек — Бір шумақ поэзия

redaktor_qazyr

Абай Құнанбайдың төртінші қара сөзі

redaktor_qazyr

Әбу Насыр әл-Фараби

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz