Qazyr.kz порталы
Пайдалы кеңестер

Қалаған сомаңды жинаудың 25 жолы

Ақшау үнемдеу һәм қалаған сомаңызды жинаудың 25 жолын
ұсынбақпын. Бұл сізге шабыт сыйлайды деп ойлаймын. Өзіңізді
шектеп жатқандай сезімде болмайсыз. Бастысы ақша үнемдеу процесінен ләззат табасыз. Егер төмендегі тәсілдерді шектен шықпай, сәтті қолдана білсеңіз, айлық табысыңызды 30%-ға үнемдей аласыз. Кейбір тәсілдер тым ұсақ боп көрінуі мүмкін. Бірақ
«теңге тиыннан құралатынын», бір теңгеге қалай қарасаң, 1 млн
теңгеге деген мәмілең де сондай болатынын ұмытпау керек.
Сонымен, кеттік!

1. Майда ақшаны (мелочь) бір жерге жинаңыз. Күніне 100 тг – бұл айына 3000 тг деген сөз. Бір жылда 36 000 тг. Аз болса да, мәз.

2. Қымбат затты сезімге беріліп, бірден сатып алмаңыз. Ойланып
алыңыз. 24 сағаттан кейін оралып, шешім қабылдаңыз. Аптығыңыз
басылсын. Сезім суысын. Көп жағдайда алғашқы сезім алдамшы боп,
уақыт өте келе бұл затқа аса мұқтаж емес екеніңізді түсінесіз. Осылайша өзіңізді болашақта сан соғып қалудан сақтайсыз.
Ақшаңыз қалтада қалады.

3. Әр сатып алған затыңызды есепке алыңыз. Тіпті жолақысын да санаңыз. Айдың соңында қайда қанша жұмсағаныңызға қараңыз.
Бұл әдіс сізге бюджетіңіздің «жоғалып кеткен» 20%-ын қайтарып
алуға мүмкіндік береді.

4. Ай сайын тамақ, транспорт, коммуналдық қызметтер, т.б. сияқты
негізгі қажеттіліктерге орташа қанша жұмсай алатыныңызды анықтаңыз. Сосын сол мөлшерден асырмауға тырысыңыз.

5. Қысқамерзімді мақсаттар қойыңыз. Мысалы, апта сайын
қосымша 5000 тг табу. Бұған жету психологиялық тұрғыдан да жеңіл, аса көп күшті де қажет етпейді. Мақсат көз алдыңда тұрған соң, оңай жетесің. Майда жеңістер үлкен жеңістерге жеткізеді!

6. Түскі асты үйден апарыңыз. Әріптестеріңізден ұялмаңыз. Негізі,
тойып тамақтануға шамамен 1000 тг кетеді. Бір жылда орташа 200
жұмыс күні бар десек, түскі астың өзінен 200 000 тг үнемдеуге
болады екен.

7. Дүкенге дайын тізіммен бару керек. Бұны бәрі білсе де,істейтіндер аз. Сатып алуыңыз қажет заттардың тізімін жасап
алыңыз. Бұл не үшін келгеніңізді ұмытпай, артық зат алып қоймауға,
тек қажеттісін ғана алып қайтуға көмектеседі.

8. Кредиттік картаңыз болса, құтылуға әрекет қылыңыз. Қарызды
қазір жауып, болашақта жаңа үстеме пайызды төлеуден өзіңізді
сақтайсыз. Осылайша ақшаңызды үнемдейсіз.

9. Үйдегі қажетсіз заттардан арылыңыз. Кейбірін, бәлкім, сатуға да
болатын шығар. Мысалы, OLX-те. 1000 тг болса да, көптік етпейді.

10. Фастфуд пен жартылай дайын өнімдерді ұмытыңыз.
Денсаулығыңызды һәм ақшаңызды сақтайсыз.

11. Темекі шегетін болсаңыз, тезірек тастаңыз. Есептеп көрсек,
темекіге жылына кемінде 70-80 мың жұмсайды екенсіз. Денсаулыққа
зиянын айтпаса да, түсінікті.

12. Электр қуаты мен суды ұқыпты пайдаланыңыз. Мысалы, тіс
жуып жатқанда кранды ашық қалдырмау, адам жоқ бөлмедегі жарықты сөндіріп қою көп күшті қажет етпейді, бірақ біраз ақша
үнемдейді.

13. «Сараң екі рет төлейді» («скупой платит дважды»). Бұған
көзіңіз жеткен шығар. Келесі жолы бір нәрсе сатып аларда мынаны
ескеріңіз. Сапалы тауар қымбат тұрады, бірақ қолданыста арзанға
түседі. Яғни, сапалы тауарды бір рет сатып аласыз да, ұзақ
қолданасыз. Ал арзанға алған сапасыз тауарды қайта-қайта
ауыстыруға тура келеді. Бұл – уақыт пен ақшаның шығыны.

14. Жабылмаған несие, қарыздарыңыз болса, дереу олардан құтылу жоспарын құрып, сол бағыттан айнымаңыз.

15 Бағаларды салыстырып көруге ерінбеңіз. Мейлі такси болсын,
мейлі шаңсорғыш болсын, таңдау жасарда ақылға жүгініңіз.
Мысалы, көшенің ар жағындағы дүкенде тура осындай шаңсорғыш
бірнеше мыңға арзан болуы мүмкін.

16. Егер дүкенге дайын тізімсіз келсеңіз, бір нәрсе сатып алардан
бұрын сәл кідіріп, 10 секундтай ойланыңыз: бұл зат сізге не үшін керек? Егер мардымды жауап таппасаңыз, затты орнына қойып қойыңыз.

17. Стресс-шығындардан аулақ болыңыз. Стресті ақша жұмсап
басам деу – бос әурешілік. Оданша жақын адамыңызбен сырласып,
саябақта қыдырып немесе медитация жасап, тынығып алған дұрыс.

18. Ұялы байланыс операторыңызда, банк картаңызда қандай
қызметтер қосылып тұрғанын тексеріңіз. Кейбір ақылы қызметтер
сізге анау айтқандай қажет болмауы да мүмкін. Мысалы, қоңырау
орнына әуен ойнап тұрғанның қандай пайдасы бар?

19. Егер өзіңіз қолданбай жүрген гараж, қойма сияқты үй-жайыңыз
болса, жалға беріңіз.

20. Интернеттен бір нәрсе сатып алғанда бонус алуға тырысыңыз.
Көптеген cashback сайттар бар. Жұмсаған сомаңыздың белгілі бір
пайызын қайтарады. Мысалы, Kaspi картаңыз арқылы интернет-
төлем жасасаңыз, соманың 1% -ын cashback ретінде қайтарады. Бірақ
жеңілдік үшін ғана сатып алу дұрыс емес. Жоспарсыз болмайды.

21. Ақысы аз болса да, кішігірім жұмыстардан бас тартпаңыз.
Сондай бірнеше жұмыс айлық табысыңызды едәуір арттырып тастай
алады.

22. Әмияныңызда артық ақша жүрмегені дұрыс. Сол кезде жаратып
қоям деп қорықпайсыз. Ақша қолжетімді жерде тұрмаған соң, бір
нәрсе сатып алуға деген қызығушылығыңыз тез басылады.
Ал енді соңғы 3 ережеге назар аударыңыз. Бұл ережелерді бәрі
сақтауы тиіс.

23. Қаржы жоспарын құрыңыз. Бұл ақша үнемдеудегі
мақсатыңызды және табыс көздерін анықтауға көмектеседі.
Мақсатың айқын болса, ақша жинау һәм үнемдеу жеңіл болады.

24. Кіріс-шығын есебін жүргізуді әдетке айналдырыңыз. 2 айдай
тұрақты жүргізсеңіз, ары қарай автоматты түрде жасайтын боласыз.
Бұл табысыңызды 30%-ға дейін үнемдеуге көмектеседі.

25. Ақша жай жиналып жатпауы керек. Әйтпесе, оны инфляция «жеп» қояды. Инвестиция жасау арқылы үнемдеп, жинағаныңызды одан әрі көбейтіңіз. Ақша жаңа ақша жасауға жұмсалуы керек.Сауатты түрде инвестиция жасай алсаңыз, 2 жылда $20 000 капитал құруға болады. Ары қарай содан түсетін пайыздарға өмір сүруге болады. Инвестициялық біліміңізді арнайы курс өтіп немесе кітап оқып арттыра аласыз.

Автор: Данияр ЖІГІТБЕК

Ұқсас жаңалықтар

Теңіз шаяндары қалай жеуге жарамды болады?

Redaktor Site

Көлік оталмай қалса не істеу керек?

redaktor_qazyr

Кілемдегі дақты қалай кетіруге болады?

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz