Қарақытай мемлекеті (1128–1213 жж.).
Моңғол тілді кидан тайпалары б. з. IV ғасырында Қытайдың солтүстік жағында Маньчжурия мен Уссури аймағын мекендеген.
X ғ. Басында Солтүстік Маньчжурия мен Моңғолияда Киданның Ляо мемлекеті (907–1125) құрылды. Кидандықтар Сұн (960–1279) империясы жерінің бір бөлігін және Селенгі мен Орхондағы Ұйғыр қағанатының жерлерін басып алып мекен етті. Көрші тайпалардың соғыстарына және ішкі талас-тартыстарға байланысты Ляо империясы әлсірей берді. 1125 жылы ол тұңғыс-маньчжур тайпаларының соққысынан бас көтере алмайтындай жеңіліске ұшырады. Осыдан кейін Кидан тайпалары Елюй Дашының басшылығымен батысқа қарай көшіп, олардың саяси ықпалы Жетісу жеріне, Сырдарияның оң жағалауына және басқа аймақтарға тарады. Жергілікті жерлердегі түркі тайпалары кидандарды қарақытайлар деп атады.
1128 жылы Қарахан әулетінен шыққан Баласағұнның билеушісі Арыслан өздеріне қысым жасап, тыныштық бермеген қаңлылар мен қарлұқтарға қарсы күреске қарақытайларды көмекке шақырады. Қарақытайлар көсемі Елюй Даши Баласағұнды басып алып, Жетісуда өз мемлекетін орнатады. Олар қарлұқтарды бағындырып, Шығыс Түркістанды қосып алды. 1137 жылы қарақытайлар Ходжент қаласы жанында Мәуеренахрдың билеушісі Махмудхан әскерін талқандады.
Қарақытайлар Орта Азияға қарай жылжып, Салжұқ сұлтаны Санжарға соққы беріп, 1141 жылы Самарқанд қаласын басып алды. Осыдан кейін Елюй Дашы өзін ең жоғарғы лауазымды атақ гурхан (ұлыхан) деп жариялады. XII ғасырдың 30–40 жылдарында қазіргі Оңтүстік Қазақстанның, Бұқара мен Самарқандты қоса алғанда, Мәуеренахр аймағының жері қарақытай иелігіне кірді. Карахандар әулетін қарақытайлар өз боданына (вассал) айналдырды.