Қасым Аманжолов 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген. Əке-шешеден жастай жетім қалған, ол біраз жыл ағасының қолында өседі.
Алғашында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. Кейін, 1924 жылы, ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тəрбиеленеді. Одан əрі қарай үш жыл Семей мал дəрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жазады. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт «Лениншіл жас» газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты жəне түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады.
1933 жылы міндетті əскер қатарына алынып, оны сол Орал қаласында өтейді. Алғашқы өлеңдерін Қ.Аманжолов Семейде жазған.
Қ. Аманжоловтың ақын, азамат болып қалыптасуына Орал қаласы үлкен əсер етті. Осы қалада ол ең алғашқы махаббат, жастық жырларын жазды. 1935 жылы əскер қызметінен босасымен Қасым Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, өзі көркем басқарушысы болады. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Мұндағы ақынның еңбегі өте зор еді. Осы кездері Қ.Аманжоловтың ақындық, əншілік, артистік таланты жұртшылыққа танылды.
1936-1941 жылдары Қ.Аманжолов Алматыға барып, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, Жазушылар Одағында қызмет істейді. Бұл кездері ол өлеңмен қатар əр түрлі тақырыпқа мақала, очерк, фельетон жазады.
1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы «Өмір сыры» деген атпен жарық көреді.
Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Сол қарсаңда «Мазасыз музыка», «Қоштасу», «Бейсекештің бес ұлы» секілді əсерлі, сыршыл сезімге толы, лепті өлеңдерін жазады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін «қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде» болады.
1947 жылдан бастап Қасым сырқаттанып, ара-тұра жатып қалып жүрді. Бірақ қандай ауыр қалде жатса да, өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Сырқаты дендеген кездерде Қасым өлеңдерінде өзінің ақындық өмірі туралы жазатын. Бұған дəлел оның «Өзім туралы» атты өлеңі. 1954 жылы қыркүйек-қазан айларында Қ. Аманжолов Қазақстан Жазушыларының ІІІ сьезінің ашылуына қатынасты. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап сырқаты мендей түсті. 1955 жылы 18 қаңтарда Қасым мəңгілікке көз жұмды.
Дереккөз: Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық əмбебап ғылыми кітапханасы