Ұлы Отан соғысының ардагері, А. Фадеев атындағы Халықарлық сыйлықтың лауреаты, партизан-жазушы, Қазақстанның Халық қаһарманы Қасым Қайсенов 1918 ж. 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Асубұлақ селосында дүниеге келген.
Қасым Қайсенов орта мектепті бітіргеннен соң 1934 жылы Өскемен қаласындағы Саяси-ағарту техникумына түсіп, оны 1938 жылы бітіреді. 1939 жылы әскери мектепке түсіп, оны 1941 жылдың күзінде бітіріп шығады. 1941 жылдың қараша айында Оңтүстік батыс майдан штабының қарамағына жіберіледі. Сол жерден ол арнайы тапсырмамен Украина жеріне, жау тылына аттанады.
Қ.Қайсенов шығармаларының ерекшелігі – Ұлы Отан соғысының суреттері, жау тылындағы партизандардың өжет қимылдары көзбен көріп, тікелей араласқан куәгердің атынан баяндалады.
Ұлтымыздың ардагер азаматы, Халық қаһарманы, партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің «Таңдамалысы» екі кітаптан тұрады. Оның бірінші кітабына партизандық-жауынгерлік жылдардың көркем шежіресі сынды екі повесі және жазушының ата- мекені, есінде қалған ел адамдары туралы шағын әңгімелері топтастырылған.
Ал екінші кітапқа жазушының кешегі қантөгіс жылдарындағы қарулас достары, өмір жолында өзі кездесіп, араласып, сырласып, достасқан ақын- жазушылар жайлы естеліктерімен бөліскен.
Халық қаһарманы, Ұлы Отан соғысы партизан отрядының командирі Қасым Қайсеновтың «Жау тылында» (1967) кітабы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 60 жылдығына орай қайтадан шығарылып отыр.
Онда партизан жазушының Украина, Молдова, Венгрия жерлерінде жүріп, жау тылында жасаған ерліктері шығарма арқауына айналған. Оқиғалар шынайы суреттеледі. Оның әр бір жолынан Отанға, елге, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік рухы сезіледі.
Дереккөз: әл-Фараби кітапханасы