Qazyr.kz
БілімМәдениет

Қазақ әдебиеті

Көкем, бүгін айтары да көп енді,
Сексенге кеп, сеңгір көкке бөленді.
Кімге айтып жүрміз, бірақ, сөзді осы,
Кімді көздеп жазып жүрміз өлеңді?

Жан-тәнімен берілетін – берілсе,
Егілетін ғашық болып – егілсе, –
Қазақ халқы қалды Эпоста қалжырап,
Басқа жерде жоқ қой енді ол, меніңше?

Көке, менде арман көп қой, арман көп,
Хикметше әлі лаулап жанғам жоқ?.
Бұ дүниені қазақ қалай дөп айтқан:
«Бір бес күндік жалған», – деп.

Қу фәниге қайта келмес жандай ғып,
Көке, өзіңді енді күтсең – хандай күт?
Елден бұрын, біздің қазақ, Құдай-ау,
Екі Дүние барын білген… Қандай жұрт?!

Қазақ деген – зар заманның боздағы.
Боздағанда одан ешкім озбады.
Жетпіс жылдай Едіге боп, жалғанның
Жарығына шыға алмай,
Не ішінен тына алмай, Боздады…

Туа тәнті Құдірет пен құс-үнге,
Қазақ өзін көреді ылғи түсінде.
Көрінгеннің түрткі болмай көзіне,
Қалып қойды Эпосының ішінде.

Ақ жүрегі бір Аллаға аян боп,
Ғарышыңа қанатымды жаям деп,
Күнге қарап,
Күлтегін боп күңіренді,
Тебіренді
Қозы Көрпеш-Баян боп.

Көрінгенде коммунизм елесі,
Дір-дір етіп кетеді әлі денесі.
Қазақ халқы қалды Эпостың ішінде.
Қазақстан – Соның бұлдыр елесі…

Кілемменен көкке де ұшып көлеңдеп,
Дүниенің ойын санға бөлем деп;
Қазақ әдебиеті дейтін Ұлттық Банкте,
Қазынасы қалды Эпос боп, Өлең боп!

Асан Қайғы болып қанша боздады,
Абай болып қайдағыны қозғады…
Қазақ Әдебиетінде… қалды оның,
Ақыл-Ойы, Абыройы, Ожданы.

Халқым қалып,
алтын қалып жырақта,
Көзім менің
көлбеңдеген шырақта.
Қара Өлеңмен қазақты қоса жұтардай,
Ғаламзаттың түсі суық бірақ та?!

Ол сөйледі толықсып бір толғанда,
Аруақ кеп арқасына қонғанда.
Жер бетінен сенің ұлтың жоғалса,
Менің ұлтым жоғалса,
Қандай ұлыс қалар екен сонда онда?

Qazyr.kz

Ұқсас жаңалықтар

Ең үлкен тышқан

Redaktor Site

Әкеге арналған тілек

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Пікір жазу

Бұл веб-сайт тәжірибеңізді жақсарту үшін cookie файлдарын пайдаланады. Сізге бұл жақсы деп есептейміз, бірақ қаласаңыз, бас тартуыңызға болады. Қабылдау Толық оқу

Құпиялық және cookie файлдары саясаты