Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Қазақ қызы

Табаныңнан өтіп сан азап сызы,
Жүрегіңді қарыған мазақ мұзы.
Сонау түнек заманда малға сатқан
Не өтпеді басыңнан қазақ қызы?!

Пана тұтып тек қана ар қамалын
Бойын соза алмады сан талабың.
Аяздай боп арқаға батқан жүкті
Өмір бойы мыңқ етпей арқаладың.

Көріп бәрін қайғының, құсаның да,
Бал денені лақтырдың кұс ағынға.
Қайталанбас сәттерін өміріңнің
Жат адамның өткізіп құшағында.

Мойныңа сап мұң менен зардан құрық
Жалған ойнап, қуандың, жалған күліп.
Қарапайым адамдық тіршілікті
Бұл дүниеден еттің-ау арман қылып.

Ақылдысың әлде іске ептісің бе
Бәрібір жүрдің тірлік тепкісінде.
Ашылмаған қазынаң, талант күшің
Қаншалықты кім білсін кетті ішіңде?!

Қанша рет заманның жасытты үні
Таптырмастан дертіңе басытқыны.
Маңғыстауда әлі де елес боп жүр
Ақбөбек пен Қайыптың ғашық мұңы.

Көлеңкелі ертеңнің жалаң қамы
Осып-осып кеткенде әр арқаны
Сара сыңды саңлақтың бетіне де
Шіркеу болып түсіпті заман табы.

Тұман торлап, бұлт бүркеп айналаңды,
Жан түршігер өмір сан жайға барды.
Кісен салған еркіңе сол күштіңіз,
Өткізіпті өксумен Майраларды.

Зымиян сол күндерің сырдаң күліп,
Қоймапты ғой сендерді бұлдандырып.
Қарсы шықсаң еркіне шалған дейді
Надандықтың жолына құрбан қылып.

Сендер үшін сол күнге кектіміз де…
Өмірлерің тарихтық кетті ізге.
Әділетсіз дүниеден тағдырларың,
Тарих болып, аңыз боп жетті бізге.

Табаныңнан өткенде азап сызы,
Жүрегіңді қарыған мазақ мұзы.
Не көрмедің сол бір тар заманыңда,
Не өтпеді басыңнан, Қазақ қызы…

***

Айтады әжем сендер жайлы аңызды,
Қиналады сонда оның, жаны ізгі…
Кәрі жүрек талғанады, жылайды,
Еске алып, алыс қалған әр ізді…

Жанарынан моншақ-моншақ жас тамып,
Кетер талай көне тарих басталып.
…Сонда сонау түкпірінен көңілдің,
Қарап тұрар қатал заман қасқарып…

Қайғы, мұңға бөккендей боп тіршілік,
Сонда бойым қоя берсе түршігіп,
Ойға аламын заманымның шуағын,
Сонда қайта келе жатыр Күн шығып!

Сонда менің сәулеленіп жүзім де,
Ғажап,-деймін,- көктемім де,күзім де.
Жаңа күнмен бірге туған бақытым,
Ешқашан да!
Ешқашан да!
Үзілме!

Жаңа дәуір өз құшағын жайды да
Дәру болды заман берген қайғыға.
Жаңа күнмен бірге келген бақытым,
Ешқашан да!
Ешқашан да айныма!

Ұқсас жаңалықтар

Бірінші дүниежүзілік соғыс

Redaktor Site

Бәйбішелер

Redaktor Site

Әділбек Қаба-Пендеміз

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz