Әдеби, тарихи кітаптардан «бес бармақ» деген сөзді кездестірген емеспін. Баяғыда үлкендер қонақ келді, қазан көтерілді, ет асылды, ас берілді, сыбаға тартылды, т.б. деп жататын. «Бес бармақ» бұл сырттан келген кірме сөз. Орыстардың ұлтымызды отарлау тұсында шолақ белсенділердің ойлап тапқан қойыртпағы. Қазақ ұлтының тарихына балта шауып, мәңгүрттендіру саясаты басталғанда ұлттық асымыздыда ұмыттыру көзделген. Өкінішке орай, соның зардабын әлі де тартып келеміз. Қазақ үйіне қонақ келсе бәйбішеге қазан көтертеді. Әр қонақтың сыбағасын арнап салады. Қазақ қазанға ет асады, бес бармағын емес . Айтыскер ақын Балғынбек Имаштың: «Атаңның басы беш бармақ, Ет асу дейді қазақта…» деген өлең жолдары да бар.
Еліміздің басқа өңірлеріндегі өз ерекшеліктеріне қарай айтылатын қазақша атаулардың барлығымен келісемін. Тек «беш бармақ» емес. Осы бір құлаққа түрпідей тиетін сөздің кеңінен тарағаны сондай «беч хачу, беч хачу» деп шулап жүрген жастарды талай көрдім. Қазақтың ұлттық тағамдарының ішіндегі ең құметтісі саналатын ет асудың қайдағы бір «бес бармақ» сөзіне таңылып кетуі қынжылтады да. «Бес бармақ» демеңіздер! Ет – Қазақтың ең құрметті асы, құрметтілерім!
Баланың туған күнінде торт үстіне шырақ жағып әкелу, оны үрлеп сөндіру де қазақ қоғамында қатты белең алып кетті. Тіпті қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылға да жетіпті. Осы үрлеп сөндіргенді мүлдем қойған дұрыс, қазағым. Керісінше «Шырағың сөнбесін» дейді қазақ. «Ұрпағым үзілмесе, отым сөнбесе» деп өмір сүретін ұлтымыз үшін бұл – мүлдем жат қылық. Қазақ ұғымында, отпен ойнау, отты үрлеп сөндіру жаман ырым. Одан бөлек нанның үстіне (торт) шырақ қою да дұрыс емес. Бұл – ас атасына деген құрметсіздік. Ел арасына дендеп еніп келе жатқан бұл жағымсыз үрдістен құтылуымыз керек. Жастардың жаман қылығына «тәйт!» деп отыратын үлкендерге құлақ қағыс болсын.
Орыс тілінен шеккен зардабымыз тіптен орасан. Әкені – «папа», ананы – «мама», ағаны – «братан» дейтін болдық. Орыстар сұрқия саясатын жүргізе отырып ет жақын жақсыларымыздан осылай ажыратып тынды. «Жеріңді қара қытай қаптағанда, сары орыс әкеңдей көрінеді» деген де атадан қалған сөз емес. Бұл да кешегі шолақ белсенділердің орысты құдайдай көрсету үшін ойлап тапқандары. Керісінше, қазақ қиянатты орыстан көрді. Бұл сөзіме Сталиндік саяси репрессияның кезінде аштан қырылған бір жарым милион қазақтың қаны куә бола алады. Кешегі желтоқсан көтерілісінде өрімдей жастарды қырған да солар. Қазаққа орыстың да, қытайдың да, басқаның да жаны ашымайды. Қазақты қорғайтын тек – қазақ қана!
Кейінгі уақыттарда түрлі діни секталардың белсенділігі артып келеді. Иманға енді-енді ұйып келе жатқан жастарды шатастырып, дәстүрлі дінімізден ажыратуға әрекет жасауда. Ел арасында қазақтың жалпақ тілімен «бақабис» аталып кеткен мұндай жат ағымдардан аулақ жүрген абзал. Қазақтың әйелдеріне, қыздарына қара киім кигізіп, ұлдарын Сирияға баруға үгіттеп жүрген де сол – жат діншілдер. Қара жамылу – қазақта жаман ырым. Жабық жүрем деген әйелге ақ кимешек, қыздарға ұлттық нақыштағы ұзын етек көйлектер жетіп жатыр.
Ең ақыры, қазіргі атқа мінгендерді де жаппай «балуан» атайтын болыпты. Көкпарға қатысқан бармақтайды да «балуан», батпандайды да «балуан» деп шақырып жатады. Балуан деп – боз кілемде күрескен ерді айтады. Жауырыны жерге тимеген жігітті қазақ «балуан» атаған. Қазақ даласында аты аңызға айналған Қажымұқан мен Балуан Шолақты білмейтін қазақ жоқ. Ал көкпаршыны шабандоз, тақымы тастай берік мықты шабондозды «Көр тақым екен!» десіп жатады. Тіпті, боз кілемде ойнаған атақты балуан да ат спортына келгенде шабондоз аталуы тиіс. Шабандоз атағанда жігіттің абыройы түсіп қалмайды, керісінше нағыз ат құлағында ойнайтын азамат екенін айшықтап тұрады. Одан ары қауқары жетсе «Көр тақым шабандоз» атансын.
Ал енді, орыс тілденумен ас атауы «бес бармақ» орыстан келді дедік. Жастардың торт үстіне шырақ жағып, өз отын өзіне сөндірту батыстан басталған деп топшыладық. «Қара кимана киу» ел бұзар діни секталадың таратқаны болып табылды. Енді өзіміздің атқа мінген қазақ жігіттеріне не жорық. Олардың қылығын қалай ақтаймыз? Ана тіліміз де, дәстүрлі дініміз де, ұлттық тағам да, ұлттық ойындарымыз бен салтымыз да жалпы қазақ халқына ортақ атадан қалған асыл мұра. Оны келіп бүгін бұрмалау бүтін бір ұлттың тарихына жасалған қиянат болып табылады . Жер бетінде тіршілік ететін адамзаттың бәрі бірдей. Олардың бар айырмасы ана тілімен, ұлттық салтында ғана. Осы тілімен салтынан айырылған күні қазақ та ұлт ретінде жойлады. Сондықтан ұлтқа, тілге, салтымызға жаны ашитын азаматтар болса, осы жазбаларды кеңінен насихаттай жүрсе деймін. Ұлттық құндылықтар сақталғанда ғана қазақ елі бар!
Тойкенов Айдар ТЕМІРБЕКҰЛЫ