Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры (ЕТДҚ) жариялаған жазғы аймақтық экономикалық шолуында биылғы Қазақстан экономикасына қатысты негізгі үрдістер мен орта мерзімді болжамдарды саралап берді деп хабарлайды Qazyr.kz
Сарапшылар биылғы ЖІӨ нақты өсімін 5% деңгейінде болжайды. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында өсім 5,6%-ға жетіп, ел экономикасы көлік және логистика, өңдеу және тау-кен өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс саласы есебінен жоғары қарқын көрсеткен. Әсіресе тау-кен өндіру саласының 6,1%-ға өсуіне Теңіз кен орнындағы өндірістің артуы мен металл және көмір өндіру көлемінің ұлғаюы тікелей әсер еткен. Құрылыс саласындағы көрсеткіш те ірі мемлекеттік жол инфрақұрылымы жобаларының арқасында оң динамиканы сақтауда.
Дегенмен, ЕТДҚ сарапшыларының айтуынша, қазіргі өсім деңгейі Қазақстан экономикасының әлеуетті мүмкіндігіне сәйкес келгенімен, оның құрылымы әзірге тұрақты және теңгерімді емес. Қор бас экономисі Сергей Улатовтың сөзінше, негізгі қозғаушы факторлардың қатарында бюджеттік ынталандыру шаралары мен жоғары инвестициялық белсенділік бар. Алайда, бұл факторлар уақыт өте келе әлсіреп, экономика сапалы әрі ұзақмерзімді өсімге өзге тетіктер арқылы шығуы тиіс. Осы ретте сарапшылар Үкіметке тек мемлекеттік секторға ғана емес, жеке секторға да сүйене отырып, орнықты өсімді қамтамасыз етуге шақырады.
Инфляция мәселесі де Қазақстан экономикасы үшін маңызды тәуекел болып отыр. Қор мәліметінше, ақылы қызметтер құнының жылдық өсімі І тоқсанда 14,3%-ға дейін жеделдеген. Азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы тиісінше 7,6% және 9,1% өсімді көрсеткен. Инфляцияны қоздырып отырған негізгі факторларға фискалдық ынталандыру саясаты, белсенді несиелендіру нәтижесінде ішкі сұраныстың артуы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформалар, теңгенің құнсыздануы және ҚҚС пен басқа да салықтардың өсуі туралы мәлімдемелер жатады.
Дегенмен, ЕТДҚ жағымды болжам ұсынып отыр: биыл инфляция жыл соңына қарай 10,9% шамасында болады деп күтілуде. Ұлттық банк пен Үкімет тарапынан қабылданып жатқан қатаң ақша-несие және инфляцияны тежеу шараларының арқасында инфляция қарқыны алдағы жылдары біртіндеп төмендеуі ықтимал. Қор болжамына сәйкес, 2026 жылы инфляция деңгейі 9%-ға, ал 2027 жылы 7,2%-ға дейін төмендейді деген сенім бар. Қазақстан бойынша ЕТДҚ ел экономисі Ғалымжан Айтқазин де қабылданып жатқан шаралар нарықтағы қысымды біртіндеп төмендетеді деген пікірде.
Сарапшылар инфляцияны тежейтін маңызды қадамдардың бірі ретінде нарықтағы бағаны жасанды реттеуден бас тартуды ұсынады. Олардың айтуынша, бағаны әкімшілік әдіспен төмен ұстау – бизнеске тиімсіз, әрі инвесторлардың келуіне кедергі. Өйткені нарықтық ашықтық пен бағаның еркін қалыптасуы ғана жеке капиталдың келуін қамтамасыз етеді. Кәсіпкерлер үшін ұзақмерзімді жоспар құруға сенімді орта қажет.
Ал теңге бағамына келсек, қор шолуында ұлттық валютаның орта мерзімді әлсіреу үрдісі болжанған. 2027 жылға қарай теңге бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда шамамен 560 теңге болуы мүмкін.
Бұған басты себеп – сауда серіктестеріндегі инфляция деңгейімен салыстырғанда елдегі инфляцияның жоғары болуы және Ұлттық қордан бюджетке бағытталатын трансферттердің біртіндеп қысқаруы. Қатаң ақша-несие саясаты аясында базалық мөлшерлеме биыл өзгеріссіз сақталуы ықтимал. Ұлттық банк инфляцияны мақсатты дәлізге дейін төмендетуді көздейді, алайда теңге бағамының әлсіреуі сауда теңгеріміндегі тәуекелдерге тәуелді болмақ.
Қорыта айтқанда, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры ұсынған шолу Қазақстан экономикасының негізгі драйверлерін, әлеуетті тәуекелдерін және болашағын көрсетіп отыр. Орнықты әрі сапалы өсімге қол жеткізу үшін елге ашық нарықтық орта, жеке секторды ынталандыру және инвесторлар сенімін арттыру маңызды болып қала береді. Ал инфляцияны тежеу мен теңгені тұрақтандыру – экономикалық саясаттағы басты басымдықтардың бірі болып қала береді.