«Бәйтерек» холдингі, CNHI International SA және BHK Agro AG өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес тараптар Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру және жергілікті деңгейде оқшаулау бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті деп хабарлайды Qazyr.kz
Холдингтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба аясында заманауи технологияларды қолдану арқылы өндірістік қуаттарды құру, қазақстандық мамандарды даярлау және жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген.
«Меморандум аясында тараптар өндіріс алаңын таңдап, инвестиция көлемін анықтап, оқшаулау деңгейін пысықтайтын болады. Сондай-ақ холдинг өз еншілес ұйымдары арқылы отандық техника өндірісі мен сатылуын қаржылық құралдар арқылы қолдауды жоспарлап отыр», — делінген ресми хабарламада.
«Біз қазақстандық қамтудың жоғары үлесі бар ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді кеңейтуге және заманауи технологияларды оқшаулауға мүдделіміз. Мемлекет отандық өндірушілерді субсидиялау, жеңілдетілген лизинг сияқты қолдау тетіктері арқылы ірі әлемдік брендтерді Қазақстанда өндірісті оқшаулауға ынталандырып отыр. CNHI International және BHK Agro AG компанияларының Қазақстан нарығында белсенділік танытуы — фермерлер үшін үлкен мүмкіндік. Заманауи техника қаншалықты қолжетімді болса, еліміздің аграрийлері соншалықты тиімді жұмыс істейді», — деді «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов.
Жоба Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға, заманауи машина жасау технологияларын енгізуге және ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, бұл бастама саланың экспорттық әлеуетін де ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, CNHI International SA — Case IH және New Holland Agriculture сынды әлемдік брендтерге иелік ететін CNH Industrial холдингінің еншілес компаниясы. Бүгінде CNH Industrial ауыл шаруашылығы мен құрылыс техникасының кең спектрін ұсынып, әлемнің 170-тен астам елінде жұмыс істейді.