Қазақстанда жеке куәліктің сыртқы көрінісі өзгереді. Бұл жайлы Ішкі істер министрлігінің «Ашық НҚА» порталына орналастырған құжатында жазылған.Бұл туралы QAZYR.KZ хабарлайды.
Өзгеріске сай жеке куәліктің беткі аймағында иесі туралы қосымша ақпарат, атап айтқанда, оның жынысы мен азаматтығы енгізіледі.
«Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігінің беткі жағында Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі иесінің фотобейнесі, қолы және дербес деректері: тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, жынысы және жеке сәйкестендіру нөмірі орналасады»,– делінген құжатта.
ҚР азаматының жеке куәлігінің қазіргі нұсқасында азаматтың жынысы туралы ақпарат құжаттың чипінде және оның машинада оқылатын аймағында кодталған түрде беріліп келген. Ал енді азаматтардың жынысы құжаттың көрнекі аймағында көрсетілетін болады.
Дәл осылай қолданыстағы құжат нұсқасында азаматтық туралы ақпарат құжаттың чипінде және оның машинада оқылатын аймағында кодталған түрде берілген. Енді ол ақпарат та құжаттың сыртқы жағына шығарылмақ.
«Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің сыртқы жағында штрих-код түрінде кодталған ЖСН, микросхеманың байланыс бөлігі, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі иесінің туған жері, ұлты және азаматтығы туралы дербес деректері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін берген орган, берілген күні және қолданылу мерзімі туралы мәліметтер орналасады»,- делінген құжат түсіндірмесінде.
Ал жеке куәліктің артқы жағындағы көрнекі аймаққа штрих код түрінде кодталған ЖСН, микросхеманың байланыс бөлігі тұрады және қазақ және орыс тілдерінде туған жері, ұлты, азаматтығы көрсетіледі.
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінде ұлтын көрсету азаматтың өз қалауына байланысты енгізіледі.